Атырау іргесіндегі Ақжар ауылының тұрғындары көктемгі тасқында бүлінген жолды жөндеп беруді талап етеді. Қазір мұнда аяқ алып жүру мұңға айналған. Ауырған жұрт жедел жәрдемнің көмегіне де жүгіне алмайды. Ал атқамінерлердің мәселеге бас қатырып отырғаны шамалы. Өйткені осыдан оншақты жыл бұрын айта-айта аузы талған азаматтар қалтадан қаржы бөліп, қыруар ақшаға жол салып алған еді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Көктемдегі су тасқыны кезінде құм мен топырақ тасыған жүк көліктері 683 шақырымдық жолдың тас-талқанын шығарған. Қазір бордай тозып, үгілген трасса жарамсыз күйде. «Қып-қызыл ақшаға өз күшімізбен осыдан он жыл бұрын салдырғанбыз» деген халық енді бүлінген жолдың құнын кімнен сұрайтынын білмей дал.
«15 жылдай тұрған жолдың быт-шытын шығарды. Дұрыс тұрған жол еді. Топырақ тасу жұмыстары сәуірден басталды. Жолдың күйі осындай. Көктемнен бері адам шошырлық күйде тұр», - деді Ақжар ауылының тұрғыны Жұмабек Мичиев.
«Мұнда тұратындардың дені – зейнеткерлер. Жаңбыр жауса, жолдан аяқ алып жүру мүмкін емес. Әбден жүйкеміз жұқарды. Баланы сабаққа тасудың өзі мұң. Батпақтан көз ашпаймыз. Әкімдерге талай айттық, ресми хат та жолдадық. Жауап беруге жарымады», - дейді тағы бір тұрғын Разия Асанова.
Халық шу шығарған соң, жолға жауаптылар шұрқ-тесік жерлерді бүтіндеп, топырақ қана салған екен. Алайда уақыт өте келе, оның да былығы бетіне шығып, түкке жарамай қалған.
«Кішкентай бес көлік топырақ төкті. Ол да нанға жаққан майдай түк болмады. Балшық күндері жүре алмаймыз. Жедел жәрдем көлігі кіре алмайды. Біздерге өте қиын. Талабымыз жол салып берсе екен дейміз», - дейді келесі бір тұрғын Гүлнәр Нұрдәулетова.
Ауыл әкімі еңбек демалысында болған соң, көпшіліктің талабын тыңдауға оның орынбасары келді. Олардың айтуынша, барлығы заң шеңберінде шешіледі. Жұрт шағымын жартылай тыңдап, жауап беруге асыққан азамат «15 күн ішінде жолды қай мердігер мекеменің жөндейтінін айтамын» деп қысқа қайырды.
«Құзырлы мекемелермен хабарласып, халықтың жиналған себебіне байланысты жауабы беріледі. 15 күн ішінде жауабын береміз. Жол жөндеу ауылдық әкімнің құзырына кірмейді. Сондықтан қалалық әкімдікпен бірге отырып шешу жолдарын қарастырамыз», - деді Қайыршақты ауылдық округі әкімінің орынбасары Абай Орынұлы.
Айта кетейік, Ақжарда қазір 4 мың отбасы тұрады. Дені зейнеткерлер. «Ауырсақ, тіпті жедел жәрдем көлігі кірмейді» деген қарашаға енді екі апта бір жауапты күте тұруға тура келеді. Мәселенің мән-жайы содан соң белгілі болмақ.
Жұлдыз Қайратқызы, Фархад Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы, Атырау облысы
Оқи отырыңыз: Атырау облысында есепте тұрған нашақорлар арасында 22 әйел бар