40-қа жуық адам жарақатына ем іздеп ауруханаға барған
Көктайғақтың кесірінен Жамбыл облысында бір тәулікте 15 жол апаты тіркелді. 40-қа жуық адам жарақатына ем іздеп ауруханаға барған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жер бедерін тегістей жапқан, мұз боп қатқан көшелерде аяқ алып жүру қиынға соқты. Дәл мына кадрлерден қала жұртшылығының аялдамаларға әрең жетіп жүргенін көруге болады
БЛИЦ:
– Мына погоданың өзінен 10 шақты адам больницаға түскен шығар деп ойлаймын. Жүру мүмкін емес. Құлаймыз, тұрамыз. Бір-бірімізді сүйретіп, келе жатырмыз.
– Көктайғақта құласаң оңай емес қой. Жүру алмай келлеміз.
Жығылып, жарақат алған тараздықтар да жетерлік. Мәселен 6 сағаттың ішінде қалалық ауруханаға 112 адам түскен.
«Көктайғақта бізге ауыртпалық түседі. Таңғы сағат 7:00-ден сағат 10:00-ге дейін 30 дан астам адам қабылдадық. Жарақаттары әртүрлі. Құлап жамбас, қол сүйектерін ауыртып алған, сынған жағдай болады», – деді травматолог Нұржан Әбдірайымов
Қалада бірнеше жол көлік оқиғасы тіркелген. Қазір коммуналдық мекемелердің де жұмысы қауырт жүріп жатыр. Аталған мекеме өкілдерінің айтуынша, қаланы мұздан тазартуға техника жеткілікті.
«Кезекші ауысым қаланың барлық аумағына тұз шашу жұмысын жүргізді. Құм, тұз шашу жұмыстарына 16 техника жұмылдырылды. Төрт трактор тротуар, саябақтарды тазалау жұмыстарын жасады», – деді «Жасыл ел – Тараз» ЖШС бөлім басшысы Нұрбол Жетпісбаев.
Мамандар тұрғындарды қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады. Ал синоптиктер алдағы күндері аймақта күн жылататынын хабарлайды.
Жомарт Есқара, Руслан Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы, Жамбыл облысынан.