Амалдың жоқтығынан қоймада тұрып жатқан алматылық көпбалалы ана енді далада қалуы мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мүмкіндігі шектеулі 2 баласын емдетем деп шырылдаған ананың жалғыз күнкөріс көзі – жәрдемақы. Көз жасын көл қылған Бақытгүл Молдағалиеваның өзі де үшінші топтағы мүгедек. Көшеде өз бетімен жүріп-тұруы қиын. Ал тұңғышы 15 жасында жұмыс істеп жүріп байқаусызда көзінен жарақат алған. Бір көзі көрмейді.
«Жылына бір рет протез аламыз. Ол протез қымбат тұрады. Амалдың жоғынан жәрдемақыдан төлеймін. Жыл сайын құжат жинаймыз. Тексеруден өтеміз. Бәрі қымбат», – деді көпбалалы ана Бақытгүл Молдағалиева.
Бақытгүл жақында күйеуімен ажырасқан. Тұрып жатқан баспана иесі де босатуын сұраған. Көпбалалы ананың бүгінде барар жері, басар тауы жоқ.
«Бұл жерден үйдің иесі балаларым көп болғандықтан кетуімді талап етті. Менің барар жерім жоқ. Мүгедек баламен ешкім үйіне тұрғызбайды», – деді көпбалалы ана Бақытгүл Молдағалиева.
Балаларын емдетуге қаражат таба алмаған жалғызбасты ана мейірімді жандардан көмек сұрайды.
Жанар Ғаниқызы, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы