Жұмыссыз алматылықтарды кәсіптік оқуға шақырып жатыр

Жұмыссыз алматылықтарды кәсіптік оқуға шақырып жатыр
Былтыр 932 жұмыссыз азамат қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өтсе, бүгінде оның 800-ден астамы тұрақты жұмысқа орналасқан
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жұмыспен қамту орталығы жұмыссыз алматылықтарды кәсіптік оқуға шақырады. Биыл қалада «Еңбек» бағдарламасын іске асыруға қысқа мерзімді кәсіптік оқыту үшін 41 мамандық тізбесі бекітілген. Қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өтіп жатқандарға ай сайынғы 21 мың теңге көлемінде шәкіртақы төленіп, оқу аяқталған соң біліктілігі туралы куәлік беріледі. Ал бағдарлама қатысушыларына қандай талап қойылады? Кәсібін дөңгелетем деушілерге берілетін грант көлемі қандай? Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай біліп келді.

Былтыр 932 жұмыссыз азамат қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өтсе, бүгінде оның 800-ден астамы тұрақты жұмысқа орналасқан. Тегін 3 айлық курсты сәтті тәмамдап, өз кәсібін ашқандардың бірі – Куляра Мәненова. Оқуды тәмамадаған соң келіншек жергілікті әкімдіктің қолдауымен Әуезов ауданында өз әлеуметтік сән салонын ашқан. Онда тұрмысы төмен немесе көпбалалы отбасыдан шыққан жандарды жұмысқа баулып, оларға шаш әрлеу мен қиюдың қыр-сырын үйретіп жүр. Бүгінде бұл сән салонында 18 адам шаштараз мамандығын меңгеріп шығыпты.

«Оқушыларды шебер болуға үйретіп жатырмыз. Өзіміздің білген өнерімізді басқаларға үйретіп жатырмыз. Көпбалалы аналар, мүгедектер бар, көпбалалы отбасылардың балаларын алып оқытып жатырмыз. Қазіргі уақытта бір салон, енді оқу орталығын ашуға тырмысып жатырмыз. Қорғауға құжат тапсырып қойдық», – деді әлеуметтік кәсіпкер Куляра Мәненова.

Биыл «Еңбек» бағдарламасы бойынша қысқа мерзімді курстарда мың алматылықты оқыту жоспарланған. Бүгінде жаңа мамандық игеруге 409 адам ниет білдіріпті. Оқудан өткен азаматтарға жұмысқа орналасуға көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, бизнес-идеяны іске асыру үшін өтеусіз мемлекеттік грант алу мүмкіндігі бар.

«Мамандықтар негізінен 3 ай аралығында жүзеге асырылады. 3 айдан кейін келісімшарт негізінде оқуды аяқтағандардың жұмысқа кіруге мүмкіндігі бар. Жұмыспен қамту орталығы жұмысқа орналасуға жәрдемдесе алады», – деді Жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы Құралай Мерғалиева.

Ал қысқа мерзімді курстардың қатысушылары жұмыссыз ретінде тіркелуі қажет. Сондай-ақ, қалада кем дегенде 6 ай тұрақтауы тиіс.

«Алматы қаласы әкімінің орынбасары Мақсат Сәкенұлы Қиқымовтың төрағалығымен облыстық комиссияның отырысы өтті. Оқытуды «Атамекен» аймақтық палаталарына кіретін оқу орталықтары жүргізеді. Адам тек жұмыссыз болуы керек. Бағдарлама біздің азаматтардың жұмыспен қамтылу жағдайын жасау үшін нақты кестеленген», – деді Жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Зафар Аппазов.

Бұл ретте жұмыспен қамту орталығы заман талабына сай аспаз, кондитер, визажист, шаштараз, маникюр шебері, дизайнер, дәнекерлеуші сында мамандықтар бойынша оқытуға шақырады. Оқу топтардың жинақталуына қарай жүзеге асырылады.

Сымбат Ноғай, Мұрат Тайжанов, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров