Шыдамы таусылған шалғайқарасулықтар тағы да шу шығарды. Жарығымыз, суымыз жоқ деген Тараз қаласындағы шағынаудан жұрты мәселенің талай жылдан бері шешілмей жатқанына наразы, деп хабарлайды Almaty.tv.
Шалғай Қарасу шағынауданының тұрғындары уәдеге әбден тойған. Сейітхан Әбдиев көшесінде тұратын жұртқа барар жеріне жету мұңға айналды. Өйткені батпақтан аяқ алып жүру мүмкін емес.
Ғалима Әбдіпайызованың мұнда тұрып жатқанына он жылдан асқан. Тіршілік нәрінен тарыққан тұрғын «қаңғыбас ит көп» дейді.
«Көшенің аты ғана бар, не орны да жоқ, не заты да жоқ. Күз, қыс,көктем уақытында біз батпаққа батып жатамыз. Балалар құлап жатыр. Жедел жәрдем кіре алмайды. Жолдың дәл ортасын қазып тастаған», – деді қала тұрғыны Ғалима Әбдіпайызова
«Балаларға ойнауға мүмкіндік жоқ. Қай жерге құлап қалады? Қай жерге батып кетеді? Қорқып, алаңдап отырамыз. Бірақ газ, жарық, қоқыс ақысын уақытында төлейміз», – деді қала тұрғыны Ғалия Жүкенова
Жұртшылықтың шағымын тыңдауға қала әкімінің орынбасары Нұрбол Қалдыбаев келді. Айтуынша, мұндағы өзекті мәселелер облыс орталығының жақында ғана бекітілген даму жоспарына сәйкес бірнеше жыл ішінде шешілетін болады.
«Жобалық-сметалық құжаты кезінде дайындалған. Бірақ ол қазір жарамсыз болып тұр. Оның өзінің уақыты бар, 3 жылдың ішінде істеу керек. Сол себепті биыл жаңа ЖСҚ дайындалып жатыр. Бітсе, келесі жылы жасаймыз», – деді қала әкімінің орынбасары Нұрбол Қалдыбаев.
Жергілікті тұрғындар бұл мәселе бойынша қала әкімінің қабылдауына да арнайы жазылып қойыпты.
Жомарт Есқара, Ермек Асаубаев, «Алматы» телеарнасы, Жамбыл облысынан