|
04.06.2024 | 14:54
1367

Жамбыл облысында 500 гектар алқапқа егілген алма ағашы қурап кетті

Сербия елінен алып келген 125 мың дана көшеттің біреуі де жеміс бермеген

Жамбыл облысында 500 гектар алқапқа егілген алма ағашы қурап кетті Almaty.tv

Жамбыл облысында 500 гектар алқапқа егілген алма ағашы қурап кетті. Азаматтар 10 бақтың жеміссіз жайрап жатқанын айтты. Шаруалардың шығынға батуын көпшілік қаражаттың жоқтығынан деп топшылайды. Жобаны қаржылай қолдаған қор, керісінше, бөлінген ақша қайда кетті деп наразы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бағбандар үйін кепілге қойып, Сербия елінен алып келген 125 мың дана көшеттің біреуі де жеміс бермеген. Бастапқыда "ҚазАгроға" қарасты «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қоры 10 шаруаны жиып кооператив құрады. Алма бақпен айналысу үшін қаржы бөледі. Сондай-ақ «мамандармен қамтып, бақша өнгенше қолдау көрсетеміз» деп уәде береді. Тыңайтқыш пен түрлі шығын да жылма-жыл субсидиялануы тиіс еді. Бірақ шаруалар алғашқы көмектің өзін бақ ашылғаннан кейін екі жылдан соң алған.

– Бұл жердегі «қамысты жойып, химикат себеміз, алма бақтың жемісін көресіздер, сертификат береміз» деп уәде берген. Сатпақ тұрмақ, бір тиын көрген жоқпыз, – деді шаруа Убайдулла Сериев.  

Облыстағы 1162 гектар алқапта интенсивті бақтар орналасқан. Бірақ жауапты басқарма мамандары оның қанша жері күйіп кеткенінен хабарсыз.

– Лабораториялық құжаттары болған. Алма ағашы егілген. Ал ары қарай агротехникалық іс-шараның барлығын шаруалар дер кезінде орындауы керек, – деді Ауыл шаруашығы басқармасы басшысының орынбасары Шәкім Момынқұлов.

Ал ұлттық басқарушы холдингтің өкілдері «шаруалардың шағымы орынсыз» дейді. Себебі олар қаржы алуын алып, алма баққа тиісті күтім жасамаған. Бірақ облыс бойынша бұл жобаларға қанша қаражаттың жұмсалып, шаруалардың қанша қарыз болғаны құпия екен.

– Проблема көп. Кейбір шаруалар «су жоқ» дейді. Бірақ су бар. «Аграрлық несие» корпорациясы қаржы ұйымы болғандықтан, қарыз алушылар туралы мәліметті жария етуге құқымыз жоқ, – деді  «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Жамбыл облыстық филиалы директорының орынбасары Бауыржан Тәжібаев.  

«ҚазАгро» мамандары шаруаларға берген қаржыны қандай жағдай болмасын, қайтаруды көздеп отыр. Сол үшін сотқа жүгінбек. Ал бағбандар әзірге шарасыз.

Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, «Алматы» телеарнасы, Жамбыл облысы

Оқи отырыңыз: Астанада жедел жәрдем қызметкерін соққыға жықты

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир