Астанада тағы да жедел жәрдем қызметкері соққыға жығылды. Бұл жолы ақ халаттыларға ішімдікке сылқия тойып алған жас жігіт күшін көрсеткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әйелін таяқтап, артынша көмекке келген дәрігерге қол ала жүгірген бұзақы – 25 жастағы жігіт. Ерлі-зайыптылар арасындағы жанжалдан кейін жедел жәрдемге шақырту түскен. Алайда жұбайының ақ халаттылардан жәрдем сұрағаны күйеуіне ұнамаған көрінеді. Табалдырықты аттай берген қызметкерге ащы суға сылқия тойып алған ер адам күш көрсетіп, балағаттай жөнелген. Қолындағы пышағын тамағына тақап, қорқыта бастапты.
– Жедел жәрдем қызметкері медициналық тексеруге кіріскен уақытта ер адам озбырлығын танытып, қолына пышақ алып жаңағы дәрігердің мойнына тіреп, қорқытқан. Ол туралы екінші дәрігер Алматы ауданы подстанция дәрігеріне хабарласып, полиция шақыртқан, – деді Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының ресми өкілі Айжан Ақай.
Дәрігерге шабуыл жасаған жігіт уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұзақының үстінен әкімшілік іс қозғалды. Қолындағы суық қаруы да тәркіленді. Медициналық сараптама қорытындысында азаматтың мас күйде болғаны анықталған. Құзырлы орган өкілдері оқыс оқиғадан ешкім зардап шекпегенін хабарлады. Ал ер адамның ерсі қылығына қатысты сот шешім шығарып, тиісті жаза тағайындайды.
– Полиция жасағы ер адамды дереу ұстап, Алматы ауданы Полиция басқармасына жіберді. Медицина куәландыру қорытындысына сәйкес, 25 жастағы жанжалқой мас болған. Оған қатысты әкімшілік іс қозғалды. Ол уақытша ұстау бөлмесіне қамалды, – деді Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Эльмира Шәуленова.
Демалыс күні болған оқиға ақ халаттылар қауымын селт еткізбей қоймады. Шақыртуға барған дәрігер де сол күнді қорқынышпен еске алады. Ол өзін де, науқасты да бұзақының қолынан аман алып шығуды ойлаған.
– Қызмет барысында кездестірген ең қорқынышты жағдай болды. Оған дейін балағат сөздер еститінбіз. Үйреніп қалдық. Науқас ауырып тұрғанда түсінуге тырысамыз, – деді жедел жәрдем қызметкері.
Медицина қызметкерлеріне күш көрсетіп, соққының астына алуы бірінші жағдай емес. Басқасын айтпағанда, бас қаланың өзінде соңғы 4 айда 9 жағдай тіркелген.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: «Жетісу» футбол клубының басшысы қамауға алынады