Тұрғындар Алматыда қоғамдық көліктің жетіспейтініне шағымданды

Фото Tengrinews
Фото Tengrinews
Алматыда жалпы 122 қалалық маршруттың бағыты белгіленгенсе, соның 114-і автобустық, 8-і троллейбусқа тиесілі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда күнделікті 1500-ден астам автобус пен троллейбус жолаушыларды тасымалдайды. Олардың бірі белгіленген уақытынан кешігіп келсе, екіншілері керісінше, минут сайын қатынайды. Бұл өз кезегінде қала тұрғындарын әуре сарсаңға салады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бүгінгі күні қалада өткір тұрған мәселелердің бірі - қоғамдық көліктердің жетіспеушілігі. Мына кадрлардан кондуктордың жолаушыларды онсыз да толы автобусқа итеріп кіргізіп жатқаны анық көрінеді. Бұл оның күнделікті үйреншікті ісіне айналған секілді. Ал келесі бейнеден №118 автобустың қозғалысын бақыладық.

«Біз бұдан әрі де бұл автобустардың санын арттыратын боламыз. № 118, 63, 120, 38, 45 бағыттағы қоғамдық көліктерді жаңартамыз. Демек, қазір жүріп тұрған автобустарды жаңасына ауыстырамыз. Тозған автобустарды жаңа «Ютонгтарға» алмастырамыз», - дейді «Алматыэлектротранс» ЖШС атқарушы директоры Ғани ТӘЖИЕВ.

Арна тілшілері жүргізген сауалнама нәтижесінде, алматылықтардың көп жағдайда автобустардың лық толы болатынына наразы екендігін байқадық. Қала тұрғындардың көбі таңертеңгі және кешкі уақытта қоғамдық көліктерге сыймай жатамыз деп сендірді.

«Жұмысқа әп-әдемі боп барып, жолда быт-шытымыз шығады – бәрі кір. Қазір біртіндеп дұрысталып келе жатыр.  Әйтсе де автобустар өте жай жүреді», - деді бір тұрғын.

«Автобустарды көбейту керек. Адамдар автобусқа сыймай жатады. Розыбакиев көшесінен бері қарай КазҰУ-ға келудің өзінде кей уақыттарда сабақтан кешігіп қаламыз», - дейді студент.

Бүгінде қалада 14 автопарк жұмыс істеп тұр. Оның 13-і жекеменшік, ал біреуі - коммуналдық. Жалпы, қала бойынша 122 қоғамдық көліктің бағыты белгіленген. Оның 114-і автобустық, 8-і троллейбусқа тиесілі.

«Бағыт желісін кеңейту мақсатында тұрғындар мен аудан әкімдіктерінің сұранысы бойынша жаңа қоғамдық көліктерді іске қосу жоспарлануда.  Ол №33, 113, 204, 206, 208 бағытындағы көліктер. Олар қала ішінде де, сыртына да жолаушы тасымалдайды», - дейді Алматы қалалық Мобилділік басқармасы басшысының орынбасары Ерлан ӘДІЛОВ.

Қалада 1600 автобус пен троллейбус қатынайды. Кей маршруттар бойынша қоғамдық көліктердің жетіспеушілігі мәселесін жыл соңына дейін шешу жоспарланып отыр.

Сая Меңдеке, Дина Жанабекова, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров