|
22.01.2020 | 20:44
22995

Қоқыс дауы: елтайлықтар 2 жыл бойы текке ақша төлеп келген

Ауылдық округте 160 мыңнан астам тұрғын үй бар

Қоқыс дауы: елтайлықтар 2 жыл бойы текке ақша төлеп келген

Қарасай ауданы, Елтай ауылдық округінің тұрғындары көрсетілмеген коммуналдық қызметке ақша төлеуге мәжбүр. Ай сайын бір үйге қоқыс шығарғаны үшін екі жерден екі түрлі қарызы бар түбіртек келеді екен. Бұл даулы мәселені шеше алмай жүргендеріне 2 жыл уақыт болыпты. Осылай деп өз наразылықтарын білдірген ауыл тұрғындары біздің редакциямызға хабарласты. 2 жылдың ішінде әр тұрғыннан 50 мыңнан астам қарыз жиналған. Оның ішінде зейнеткерлер мен көпбалалы аналар да бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тұрғындардың бұл у-шуына себеп - қоқыс шығаратын коммуналдық қызметіндегі қарыз дауы. Ауыл тұрғындары 2008 жылдан бастап "Хангелді" жеке кәсіпкерлігіне қоқыс шығарғаны үшін ақша төлеп келеді. Бұған дейін ол  ауылдағы жалғыз қоқыс шығаратын мекеме еді. 2 жыл бұрын жаңадан Даниель деп аталатын жеке кәсіпкер пайда болған. Ол болса, ауылдағы әр тұрғынға ай сайын үйіндегі қоқысты шығармаса да қарызы бар түбіртек жіберіп келіпті.

Елтай ауылдық округінде 160 мыңнан астам тұрғын үй  бар. 2017 жылға дейін тұрғын үйлердің қоқысын 1 жеке меншік кәсіпкерлік компаниясы шығарып келген. Ал, қазір 2 жеке меншік кәсіпкер тұрғындардың қоқысын шығаруға таласып жатыр.

Екі кәсіпкер арасындағы дау кесірінен қарапайым халық жапа шегіп отыр. Сондай жанның бірі -Людмила Билякова. Ол екінші топтағы мүгедек. Жасы 71 де. 2 жыл бойына жеке меншік «Даниель» қоқыс шығаратын компаниясынан ай сайын қарыз жазылған түбіртек келіп тұрады екен. Қария бұл мекемемен бастапқыда  ешқандай келісімшартқа отырмадым дейді. Жиналған қарыздың көлемі 2 жылдың ішінде - 51 мың теңгеге жетіпті. Көрсетілмеген қызметке осынша қаражатты қалай төлеймін деп күрсінеді зейнеткер.  

«Мен бүгінге дейін Хангелді кәсіпкерлігіне қоқыс шығару үшін ақша төлеп келемін. Ал мына адамдарды мүлде танымаймын, үйіме келіп бір қапшық қоқысымды да алған емес. Сөйте тұра, қоқыс шығарғанымыз үшін ақша төлеңіз деп ай сайын түбіртек жіберіп отыр. Бұл мәселені айтқаныма 2 жылдың жүзі болды. Өзімнің мүмкіндінгім шектеулі болған соң да көп шыға алмаймын», - дейді Людмила БИЛЯКОВА.

Кәсіпкер болса, қарызды төлемеген тұрғынның үйіне барып сотқа берем деп қорқытқан көрінеді. Мәселенің анығын анықтауға тұрғындармен бірге жергілікті әкімдікке де бардық. Сөйтсек, әкімдік бұл жағдайдан бейхабар болып шықты. "Даниель" жеке меншік кәсіпкерлігінің тұрғындарға 2 жылдан бері заңсыз қарызы бар түбіртек жібергенін білмейміз деп ақталды.  

«Егер шығармаса, төлемеңіз, неге төлейсіз, содан басталды. Осы 3-4 күнде барлығының басын бір жерге жинап, мәселені шешсек деп отырмыз. Себебі, ИП Даниялмен жұмыс істей ме, ИП Хангелдімен бе, халық өзі таңдап алсын», - деді Елтай ауылдық округінің әкімі Бекжан ӘБЖАН.

Дәл қазіргі уақытта «Даниель» жекеменшік кәсіпкерлігі ауылдағы 12 мың үйдің қоқысын шығаруды міндетіне алған. Бұл қызметі үшін әр адам басына 250 теңге ақы алады.  Айтуынша, тұрғындар үйіне барып, қарызыңды төлемесең сотта жауап бересің деп ешкімді жібермеген. Тіпті, ауылдағы мүгедектер мен жағдайы төмен отбасылар үшін жеңілдік жасап, ақша алмаймын дейді.

- Төлемесең сотқа кетеді деп айтыпты дейді сіздерді?

- Жоқ ондай айтылған жоқ, сот болады, сот шешеді деп айттым мен, Бұл кісілерді сотқа ешкім жіберген осы күнге дейін. Мен оларға мәселені шешемін деп айтқам», - дейді - «Даниял» жеке кәсіпкерлігі директоры Дастан СУАНБЕКОВ.

- Қалай шешесіз?

- Барлық қарыздарын жоққа шығарамын, сөйлесейік. Бірақ, ол кісілерге соттан кейін ғана белгілі болады, ол шешім.

Тұрғындардың наразылығын тудырған бұл мәселеге заң не дейді? Арнайы маманның пікірін сұрағанымызда тұрғындар үшін көрсетілетін қай қызметтің түрі болмасын тиісті келімшартпен жасалуы керек екенін айтады.  

«Егер де тұрғындардың Хангелді жеке кәсіпкермен келісімшарттары және ай сайын төлеген түбіртек қағаздары түгел болса, «Даниял» жеке кәсіпкерінің ісі заңсыз болып саналады. Ауылда екі бірдей қызмет көрсететін екі кәсіпкер болған жағдайда, тұрғындар қалауына қарай қай қызмет түрін таңдайтынын өздері шешеді», - деді заңгер Олег ЧЕРНОВ.

Осылайша елтайлықтар, әкімдіктің бір аптада бас қосып, екі жыл бойына жыр болған мәселені бірлесіп  шешеміз деген уәдесіне үміттеніп тарқасты.


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир