|
08.12.2023 | 20:04
2025

Марат Қарабаев: Басты мәселе – құрылысы ұзаққа созылған жобаларды аяқтау

Министрдің айтуынша, жолаушы таситын вагондар 57 пайызға тозған

Марат Қарабаев:  Басты мәселе – құрылысы ұзаққа созылған жобаларды аяқтау Almaty.tv

Келесі жылы құрылысы ұзаққа созылған Астана-Алматы, Талдықорған-Өскемен, Атырау-Астрахан сынды тас жолдар іске қосылады. Бұл туралы бүгін Көлік министрі Марат Қарабаев арнамыздың тілшісіне берген сұхбатында мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мегаполис тұрғындарымен кездесуге келген ведомство басшысы басқосуда транспорт саласындағы өзге де өзекті мәселелерге тоқталды. Жиынға қатысқан жүк тасымалдаушылар, логистика мамандары, сарапшылар мен профессорлар да көкейтесті сұрағын қойды. Министр мемлекеттік көлік саясатының басымдығын егжей-тегжейлі айтып, жаңа және перспективалы көлік-логистикалық жобалар туралы баяндады.

Жауаптылар биыл елорда мен Алматыны жалғаған күре жолдағы құрылыс аяқталатынын айтқан. Құрылыстың ұзаққа созылғаны үшін Көлік министрі Марат Қарабаев бір кездері кешірім сұраған. Ал бүгін ведомство басшысы келер жылы тек Астана-Алматы бағыты ғана емес, өзге қалааралық трассалар іске қосылатынын мәлімдеді.

– Құрылысы 4-5 жылға дейін созылған жобаларды аяқтау – басты мәселе. Ол – Алматы мен Астана, Талдықорған мен Өскемен, Атырау мен Астрахан арасындағы жол. Олардың құрылысы көпке созылып, халықтың сынына ұшырады. Келесі жылы қолданысқа беріледі, – деді ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев.

Ведомство басшысы «жол қатынастарынан бөлек, авиация саласы да басты назарда» дейді. Оның айтуынша, бүгінде нарыққа бірнеше шетелдік ірі әуе компаниясын тарту жоспарда бар. Бәскелестікті арттыру арқылы қызмет көрсету сапасы жақсарады. Марат Қарабаевтың айтуынша, жолаушы таситын вагондар 57 пайызға тозған. Ал темір жол желілерінің ескіру деңгейі 67 процентті құрап отыр.

– Қазақстанда 2,5 мың вагон болса, қазір 2068 вагон бар. Яғни, біраз вагонды ескі болғандықтан алып тастадық. Алдағы уақытта 844 вагон сатып алу жоспарланып отыр. Енді олардың орташа жасы 18-ден 13 жасқа дейін төмендейтін болады, – деді Марат Қарабаев.

Көлік министрінің Алматы тұрғындарымен кездесуі унверситетте өтті. Жиынға жүк тасымалдаушылар, логистика мамандары, сарапшылар мен факультеттің профессорлары да қатысты. Екі сағатқа созылған басқосуда саладағы көп мәселе көтерілді. Сұрақтардан бөлек, түйіткілді шешетін түрлі ұсыныстар айтылды.

Оразай Нұртайұлы, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Қазақстан Үкіметі мен ArcelorMittal арасындағы келіссөздер сәтті аяқталды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир