Алматыда саябақтарды жаңартуға баса мән беріледі

Almaty.tv
Almaty.tv
Желтоқсан саябағы 31 гектарға ұлғаяды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл Алматыда қаланы абаттандыру бойынша 15 жоба жүзеге аспақ. Әсіресе, шаһардағы саябақтарды жаңартуға баса мән беріледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бүгінде Алматыдағы 5 саябақта жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, Қазақ-Британ техникалық университеті саябағында 125 ағаш пен 1700 шаршы метр бұта отырғызылмақ. Субұрқақ орнатылып, жасыл желек суарудың жаңа технологиясы әзірленеді. Аймақтағы орындықтар мен жарықтандыру жүйесі де толығымен жаңартылмақ. Жоспар бойынша қараша айында аяқталуы тиіс. Шаһардағы мұндай өзгерістерді қала тұрғындары қолдайды. Олар серуендейтін орындардың саны артатынына қуанышты. Ал тарихи нысандар қаз қалпында қалады.

«Көп ағаш қартайды. Оны кескен жөн. Жөндеу жұмыстары аяқталса тұрғындар кешке еркін серуендейді», – деді қала тұрғыны Құрманғазы Оспанов.

Жауапты мамандардың айтуынша, қазір 10 жобалау-сметалық құжат әзірленіп жатыр. Оның аясында Тұңғыш президент паркін қайта жөндеу, «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплині кешеніне іргелес аумақты қайта құру жобасы бар. Осылайша, алдағы уақытта алматылықтардың жаяу серуендеуі үшін қолайлы орындар саны артпақ.

«Қазіргі таңда жасыл экономика басқармасы қарқынды жұмыс жүргізіп жатыр. Бүгінде Сәтпаев көшесінен Жандосов көшесіне дейінгі аумақ абаттандырылмақ. Сондай-ақ Желтоқсан саябағы 31 гектарға ұлғаятынын атап өту керек. Осылай кезең-кезеңімен саябақтардың саны мен сапасы артады», – деді Алматы қаласы Жасыл экономика басқармасының бас маманы Думан Қаптағаев.

Айта кетейік, былтыр Алматыда Абай атындағы Ұлттық опера және балет театры мен Қастеев музейінің жанындағы ескі саябақ құрылысы аяқталған еді. Бұл өзгерістерді алматылықтар қуана қарсы алды.

Жанар Ғаниқызы, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров