Астанада 5 мыңнан астам тұрғын үй апатты жағдайда тұр - Юрий Ильин

29.04.2023 01:05

Техникалық тексеру жүргізіліп жатыр

Almaty.tv

Биыл Қазақстанда 2 мыңнан астам төтенше жағдай тіркелген. Оның 7 пайызы Елордаға тиесілі екен. Табиғи апаттан бөлек, Астанада құлағалы тұрған үйде өмір сүріп жатқан азаматтар да дабыл қағып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Өрмекшінің торындай бір-біріне жабыса жүргізілген тоқ сымдар. Көгеріп, анайы сөздер жазылған қабырғалар. Қорқынышты кинодағыдай дәлізі бар осындай үйде адамдар өмір сүріп жатыр. Бұл алыс-шалғайдағы қараусыз қалған үй емес, ел астанасында орналасқан баспана. Оң жағалау. Мұндағы тұрғындар «билік сол жағалауды сипап, сәндей бермей, бізге де назар аударса» дейді.

«1975 жылы салынған үй ғой. 2014 жылы «апатты жағдайда тұр» деп, қабырғаларына темірден бағана орнатып берген. 2021 жылы техникалық тексеріс жүргізіп, нәтижесінде үйіміз 69 пайыз түруға жарамсыз деп танылды. Бірақ сүрілетін үйлердің тізімінен көрмедік. Басқа бағдарламаға қосқан. Үйдің қанша уақыт шыдайтынын білмейміз. Құлауға шақ тұр», – деді қала тұрғыны Анна Гребенек.

Тұрғындардың айтуынша, бұл үй 2024 жылы сүрілуі тиіс үйлердің тізімінде бар. Алайда, қазірдің өзінде бұрышы мүжіліп, қабырғасы ойылған.

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің сөзінше, Астанада апатты жағдайда тұрған үйлер 17 пайызды құрайды. Ескі баспаналардың өртеніп кету қаупі тым жоғары болып тұр. Себебі электр сымдарының, жылыту жүйелерінің тоз-тозы шыққан. Қызыл жалынның тұтануына солар себеп болып, тұрғындардың өміріне қатер төндіреді екен.  

«Бүгінде қала аумағындағы 5 мыңнан астам тұрғын үй апатты жағдайда тұр. Онда жылыту және электрмен жабдықтау жүйелері жарамсыз және өрттің туындау қаупін тудырады. Бірінші тоқсанда тілсіз жаудың пайда болу себептеріне жүргізілген талдау нәтижесінде электр жабдықтарын дұрыс орнатпау салдарынан өрт саны 26 процентке ұлғайған. Ал тұрмыстық аспаптарды пайдалану кезінде өрт қауіпсіздік ережелерін бұзу себебінен 44 пайызға өскенін көрсетеді», – деді ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин.

Ал Астана қаласының әкімдігі ескі үйлерді сүру бағдарламасы өз кезегімен жүріп жатқанын мәлімдеді. Алғашқы кезең 2013-2017 жылдары жүргізіліпті. Ол кезде 228 апатты жағдайда тұрған үй сүрілген. 2018 жылдан өткен жылға дейін 56 тұрғын жай кешені бұзылуы керек еді. Бүгінгі күні 206 баспананың тозығы жеткен деп танылған. Қазір техникалық тексерулер жүргізіліп жатыр екен.  

«Биыл апатты жағдайда түрған 4 үйді сүреміз деп жоспарлап отырмыз. Қазір басқа кешендерге талдау жүргізіп жатырмыз. Айта кетейін, жаңа үйге көшетін тұрғындар бұрынғы пәтерімен бірдей үйге көшеді. Ақшалай өтемақы қарастырылмаған», – деді Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының бөлім басшысы Төлеген Ахметов.

Маманның айтуынша, 2030 жылға дейін Астанада ескі үйлердің барлығы сүріліп бітеді. Апат айтып келмейді, бірақ апаттың алдын алу – жауаптылардың басты міндеті. Сондықтан әкімдік ескі үйлерді сүру бойынша жаңа бағдарлама әзірлеп, оны бекіткенше, кейбір тұрғындарға құлауға шақ қалған үйде тұруға тура келеді.  

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астана