Елімізде электрондық сауда көбейіп келеді

29.04.2023 02:30

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биылғы көрсеткіш бойынша 722 базар тіркелген

abai.kz

Елімізде жыл санап базарлар саны азайып келеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше қазір 722 сауда орны жұмыс істеп тұр. Тәуелсіз сарапшылар мұны нарықтағы интернет сауданың көбейгенімен байланыстырады. Бірақ онлайн «базардан» опық жейтіндер де азаймай тұр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сабира Жағыперқызы – балалар киімін сатумен айналысады. Тауарды Қытай мен Түркиядан әкеледі. Кәсіпкердің айтуынша, базардан орын алып та, әлеуметтік желі арқылы да сауда жүргізіп көрген. Нәтижесінде онлайн саудан түскен табысы көбірек болған. Бүгінде инстаграм парақшасында 500 мыңнан астам оқырманы бар. Қазір киімдерін тек Алматы тұрғындары ғана емес, елдің түкпір-түкпірінен іздеп тапсырыс беруші көбейген.  

«Бүр күнде 40-50 онлайн тапсырыс қабылдаймыз. Алыс аймақтарда тұратын клиенттер өз өңірінде қымбат болғандықтан, бізден арзан бағада сатып алады. Дер кезінде жеткіземіз, өте тиімді», – деді кәсіпкер Сабира Жағыперқызы.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биылғы көрсеткіш бойынша 722 базар тіркелген. Оның 495-і қалалық жерде болса, 227-сі ауылда. 

Қазір жұрт қаншалықты базарға барып сауда жасайды? Интернет-дүкендер қаншалықты тиімді? Арнайы сауалнама жүргізіп көрдік:

– Қазір бәрі интернет арқылы жұмыс жасайды ғой. Бірақ базарда тауар арзан. Интернет арқылы тапсырыс берсек, жеткізу құны қосылады.

– Базарға барған тиімді. Онлайн тапсырыс бергенде алаяқтарға алданып қалуы мүмкін.

– Көбісі интернет арқылы сауда жасайды. Бірақ алдап кететіндер де көп болуы мүмкін. Тапсырыс берген зат алған кезде, көңіліңнен шықпауы мүмкін.

Халық айтса, айтқандай-ақ. Заңгер Мейірман Шекеев қазір интернет-дүкендерге тапсырыс беріп, алданған халық саны жыл санап көбейіп жатқанын айтады. Олар тауардың немесе қызметтің төмен бағасын көрсетіп, алдын-ала толық төлемді жасауын сұрайды. Ресми дерек бойынша жыл басынан бері осындай 4 мыңнан аса қылмыс тіркелген.  

«Шетелдік компаниялардан айфон сияқты қымбат заттарға тапсырыс береді. Тауар келген кезде ішінен ойыншық шығып жатыр. Адам нендей тәуекелге баратынын білуі керек. Егер табылса, жауапқа тартылады. Алаяқтар техника тілін жақсы меңгерген», – деді заңгер Мейірман Шекеев.  

Айта кетейік, елімізде базардың көбі Түркістан облысында орналасқан. Онда 115 сауда орны тіркелген. Тізімді Ақтөбе мен Алматы облысы жалғастырады. Ал мегполистер ішінде Алматы қаласы көш бастайды. Шаһарда 41 базар бар.

Ұлағат Арғын, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы