«Қажылық жасаймыз деп қаржыдан айырылдық». Алматыда алаяқтарға құрбан болған азаматтар туристік агенттіктің алдына жиналды. Ұмраға барамыз деп өтірікке ұрындық дегендер айдың басында Меккеге аттануы керек еді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Есікті ашпайды, қоңырауға жауап бермейді. Айдың басында кіші қажылыққа аттанамыз деп ниет қылғандар неше күннен бері тиісті жауап ала алмай әлек. Алғашында 70 адам қатар ұшады дегенмен, жалпы алданғандардың тізімінде 200-ге жуық азамат бар. Алғашқы лек қаңтардың жетісінде жолға шығуы керек еді.
«Не билет, не жолдама жоқ. Әйтеуір, қолымызға аты-жөніміз жазылған сертификатты ұстата салды. Ақшаны қайтарамыз деген, ол да жоқ. Шымкентте 17 адамға билет алған отбасы бар, бәріміз бірдей тақырға отырдық», – деді зардап шеккен азамат Самат Мыңбаев.
«22 қаңтарда Әл-Мәдинә мешітіне жиналамыз, сол жерде уағыз болады. Киім сатып аласыз» деді. Біліп кетейін деп келсем, осындай шуды естіп жатырмын», – деді зардап шеккен азамат Жасқайрат Әмірғалиев
Жарнамасы жер жарып тұрған агенттікті көпшілік жұлдыздардың парақшасы арқылы тапқан. Адам басына кемі 600 мың теңге төлегендер енді парыз өтеймін деп, қарызға батып отыр. Қоңырауға жауап бермейтін туристік фирма бір қызығы, бірнеше ай бұрын келісімшарт жасап қойған.
«Скат» компаниясы «Кәусар» компаниясымен жұмыс істемейміз деп, бас тартқан. Оның «Зәмзәм» компаниясы арқылы ұшырамын деген ойы да іске аспады», – деді зардап шеккен азамат Наргиз Еспаева.
«Біз шетелге қыдыруға бара жатқан жоқпыз. Алла алдында бес парыздың бірін орындауға ниет білдірдік. Ешкім алдайды деп ойлаған жоқпыз», – деді зардап шеккен азамат Анар Бекжігітова.
Аталған мәселеге елдегі діни басқарма араласпайды.
«Бұл мәселені біз естідік. Дегенмен, бізге қатысы жоқ. Қазіргі таңда кез келген кісі туристік фирма ашып, әлемнің қай жеріне, қандай саяхатқа алып барамын десе, еркі біледі. Қанша фирма бар? Кімдер алып бара жатыр? Бұл сұраққа діни басқама жауап бермейді», – деді ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы
Ақшаны қайтаруды талап еткендер тек алматылықтар емес. Бұған дейін елдің бірнеше қаласында дәл осы агенттікке арыз жазғандар бар. Ал бүгін ұжымдық шағым түсірілді.
«Алматы қалалық полиция департаменті, Медеу аудандық ПБ-ға бір күн бұрын екі адам арызданса, бүгін тағы сегіз жәбірленуші шағым түсірді. Мән-жайы жан-жақты зерделеніп, ҚР заңнамасына сәйкес одан әрі шаралар қолданыла отырып, құқықтық баға берілетін болады», – деді Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Құлшылық жолында құр алақан қалған азаматтар тым құрығанда, ақшаны қайтарып алуды қалайды. Олар киелі сапардың атын жамылып, алаяқтық жасап жүргендердің заң алдында жауап беруін талап етті.
Мадина Оқас, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы