Жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жыққан Нұрболат Дәкебаевқа тағы бір қылмыстық іс қосылды
Қарағандыда жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жыққан азаматқа қатысты іс прокуратураға қайта жолданды. Енді ол 2 бап бойынша жауапқа тартылады. Сараптама нәтижесінде жәбірленушіге қол жұмсаған Нұрболат Дәкебаевқа тағы бір қылмыстық іс қосылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қоғамда үлкен резонанс туғызған оқиғаның нүктесі бүгін де қойылмады. Онлайн режимде өткен сот отырысында айыпталушы тарап істі болған Нұрболат Дәкебаевты ақтап алуға тырысты. Адвокаттар жанжалдан кейін жәбірленушінің жаттығу залында спортпен шұғылданып жатқан бейнежазбаларын ұсынып, «жарақаты жеңіл болған» дегенді алға тартты. Алайда сот сараптаманың қорытындысына сүйеніп, бейнежазбаларды есепке алмады. Әрі прокуратура Дәкебаевқа қатысты Қылмыстық кодекстің 107-бабының 1-бөлігіне сүйеніп, «Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру» дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Кейіннен мемлекеттік айыптаушының ұсынысымен іс прокуратураға кері қайтарылды. Ал Нұрболат Дәкебаевты қамауда ұстау мерзімі тағы бір айға ұзарды.
– Комиссия азамат Төреғали Берікқалиұлынан бас миының шайқалуы түріндегі жабық бассүйек-ми жарақаты мен мұрын сүйегінің жабық сынығын анықтады. Қабақтың тері асты гематомалары, сол жақ көзден қан кетуі және маңдай аймағында көгерген жара бар. Мұның барлығы денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтірген, – деді облыстық сот сараптамасы институтының сарапшысы Евгений Шулежко.
Айыпталушы Нұрболат Дәкебаевтың адвокаты «жедел жәрдем жүргізушісінің өзі сотталушымен жанжал шығарып, кейін оқиғаның видеосын ғаламторға жариялап, жұртшылықтың назарын аударды» дегенді алға тартып отыр. Бұған дейін тергеу органы күдіктіні күш көрсетіп, бұзақылық жасады деп айыптаған. Ал судья қылмыстық іске әлі де тереңінен үңілу қажет деген ұйғарымға келді.
– Айыпталушыға «Бұзақылық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Күдіктіні тағы бір ай қамауға алу кезеңінде 2 қылмыстық бапты қосып, істі қайта қарау керек. Әлихан Бөкейхан ауданының прокуратурасы осы уақыт ішінде тиісті жұмыстарды атқаратын болады, – деді Ә. Бөкейхан аудандық сотының судьясы Бақтияр Ақанов.
Естеріңізге сала кетейік, атышулы оқиға осыдан 5 ай бұрын Қарағандыда болған. Жедел жәрдем жүргізушісіне күш көрсеткен күдікті бірнеше күн бойы жасырынып, қыстаудан табылған. Соққының астында қалған жүргізуші мен айыпталушы арасындағы даудың түйіні бір айдан соң тарқауы мүмкін. Әзірге сот аталған істі тағы бір мәрте сүзгіден өткізбек.
Мақсат Бейсенаев, «Алматы» телеарнасы, Қарағанды
Оқи отырыңыз: Күйеуі пышақтап кеткен Салтанат ауыр халде жатыр