Қазақстанның қай облыстарында құрғақшылық болуы мүмкін

12.06.2024 01:05

Ұлытау облысында 2620 қожалықтың 50-ге жуығы егін шаруашылығымен айналысады

Almaty.tv

Биыл Қазақстанның 9 облысында құрғақшылық күтіледі. Синоптиктер осылай деп егіс алқаптарының иелеріне ескерту жасады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жазғы ауа райына болжам жасаған Қазгидромет мамандары маусымдағы ауа температурасының жоғары болатынын хабарлады. Елді егістік алқаптарының жайы алаңдатып отыр. Өйткені күннің қатты ысуы салдарынан Қостанай, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе мен Қарағанды, Ұлытау, Абай, Жамбыл облыстарының жекелеген аудандарын қуаңшылық жайлауы мүмкін.

– Болжам бойынша маусымда атмосфералық құрғақшылық күтіледі. Атап өтетін жағдай, алдағы он күнде Қызылорда облысының Шиелі ауданында құрғақшылық басталды, – деді  «Қазгидромет» РМК агрометеорологиялық болжам басқармасының бастығы Қамар Салиева.

Жазда күтілетін құрғақшылықтың алдын алуға шаруалар ерте бастан қамданған екен. Елдің ауылшаруашылығы министрлігі де әзірге алаңдауға еш негіз жоқ деп отыр. Жағдайды толық бақылауға алған ведомство президент тапсырмасы аясында су үнемдеу технологиялары енгізілгенін алға тартты.

– Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында су үнемдеу технологиясын енгізумен 150 мың гектар аумақты ұлғайтуды тапсырды. Құрғақшылықтан және басқа да қолайсыз жағдайдан болатын жағымсыз салдарды азайту үшін ерікті сақтандыру жүзеге асырылады. Онда сақтандыру сыйлықақысын 80 пайызға дейін субсидиялау көзделген, ол үшін мемлекет осы жылға 3,1 млрд теңге қаржы қарастырып отыр, – деді ҚР АШМ Өсімдік шаруашылығын дамыту басқармасының бас маманы Бахтияр Рахимов.

Құрғақшылық болжанған 9 облыстың ішінде Ұлытау өңірі де бар. Жергілікті билік жаңбырсыз жаздағы жағдайды бақылауға алдық деп сендірді. Бүгінде облыстағы 2620 қожалықтың 50-ге жуығы егін шаруашылығымен айналысады десек, қуаңшылық бола қалса, мемлекет тарапынан оларға субсидия беріледі. Сондай-ақ өңірлік ауыл шаруашылығы мамандары да қуаңшылықты болғызбай, жем-шөп базасын көбейтуді жоспарған.

– Белгілі бір аумақта субсидиялауға дайынбыз. Жаңбырлатып суару жүйесін Сәтбаев қаласында және Ұлытау ауданы Қаракеңгір өзені бойында 200 гектар, Сәтбаев қаласында 400 гектар егістік алқабына енгізуді жоспарлап отырмыз. Жаңбырлатып суаратын жабдықтар сатып алынды, – деді Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Мұқағали Рамазан.

Қалай дегенде де, аптап ыстық республиканың оңтүстігі мен оңтүстік шығысында тіркелгелі тұр. Қуаңшылық туралы сұрағымызға елдің ауыл шаруашылығы министрлігі «биылғы қарғын суды тиімді пайдаланамыз, су тапшылығы болмайды» деп сендірді. Ал өзге елден келетін өзен суы алдын ала жасалған келісімнің есебінен жеткілікті болмақ. Яғни құрғақшылықтан қауіп жоқ.

Алтынгүл Төлегенова, Наргиз Жанабекова, «Алматы» телеарнасы, Ұлытау облысы

Оқи отырыңыз: Жол жоқ: тараздықтар әкімдік өкілінен қаржының есебін сұрады