Сәуір – аутизмге шалдыққан жандар туралы ақпарат тарату айы болып саналады. Қазақстан да бұл үрдістен әрқашан қалыс қалған емес деп хабарлайды Almaty.tv.
Бүгін еліміздің екі ірі қаласы – Нұр-Сұлтан мен Алматыда осындай ерекше балалар симфониялық концерт пен кинофилмьді тамашалады.
8 жастағы Назардың көңіл-күйі бүгін ерекше. Өйткені, ол елордадағы «Опера және балет» театрынан симфониялық оркестрдің концертін тамашалауға келген. Мұнда шақырылған бүлдіршіндердің барлығы аутимзге шалдыққан.
Бұл жолы концерт залы толған жоқ. Өйткені, Назардай жандардың бойы қатты дыбысқа, тым жарыққа үйренбеген, түрлі жарқ-жұрқты жөн көрмейді. Сондықтан, «Опера және балет» театры өткізген «Жануарлар карнавалы» концертінде әр аң-құстың дауысы жеңіл әлі ақырын ойналды. Ал, ата-аналар мұндай іс-шара жиі өтсе екен дейді.
«Менің балам классикалық музыканы, әсіресе Бетховен, Моцарт секілді композиторларды тыңдағанда жан-жүниесі тынышталады. Музыкадан баланың ерекше күйге түсетіні көрініп тұрады. Жалпы, дәрігерлер баланың жақсы дамып өсуіне классикалық музыканың әсері зор дегенді айтады, бәлкім содан да шығар», - дейді Гүлнұр Танабаева есімді ата-ана.
Аутизм диагнозы қойылған балалардың өміріне барынша қуаныш сыйлауға тырысып жүргендер – «Болашақ» корпоравтивтік қоры. Бүгін Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы ірі іс-шараларға жауапты осы қордың мүшелері. Аталмыш дертпен ауыратын 250 баланы үйде білім алу бағдарламасынан бейімді мектептерге ауыстырған да осылар. Ол үшін елдегі 9 қалада 20 инклюзивті кабинет ашылған.
«Мұндай концерт ұйымдастырушыларға көп талап қойылады. Ерекше балалар жиналған шарада әрқашан есіктер ашық болуы тиіс. Дыбысы қатты емес, жарығы тым аз болмауы маңызды. Осы концертте балалар өзін жайсыз сезінсе көмекке келетін мамандар да бар», - дейді «Болашақ» корпоративтік қорының директоры Динара ЧАЙЖҮНІСОВА.
Ал, Алматыдағы «Болашақ» корпоративтік қоры өкілдері ерекше балаларға бейімделген кинофильм көрсетілімін өткізді. «Каникулы ОФФЛАЙН» атты туындыға келушілердің әрбірі ерекше әсер алғанын олардың жанарынан байқауға болады. Балалар өздерін жайлы сезініп, киноға қанық болуы үшін мамандар залды арнайы дайындаған екен.
«Кейде мұндай балалардың ата-аналары оларды көпшілік ортасына әкелуге қорқады, ұялады. Адамдар оларды түсінбейді деп қысылады. Ал, бұл кинотеатр аутизмге шалдыққандарға ыңғайлы. Барлығы келушілердің ерекше жан екендігін біледі. Сондықтан ешкім оларға ала көзбен қарамайды», - дейді «Ашық әлем» қоғамдық қорының президенті Әлия АРХАРОВА.
Әлемде 2 сәуір аутизм дерті туралы ақпарат тарату күні болып саналады. Бірақ жаһан жұрты бұл мәселені жыл он екі ай айтқан жөн дейді.
Фото: inform.kz