|
10.04.2019 | 20:51
2345

«Жастары 20-ға енді толған»: Алматыда полицейлерді пышақтаған 4 жігіт те қалаға өзге өңірлерден келген

Олардың екеуі ұсталып, екеуіне іздеу жарияланды

«Жастары 20-ға енді толған»: Алматыда полицейлерді пышақтаған 4 жігіт те қалаға өзге өңірлерден келген

Алматының екі полицейін бұзақылар пышақтап кетті. Қаскөйлер сақшының бірінің сол иығын жарақаттаса, екіншісін тіпті оңдырмай кеудесі мен балтырына пышақ сұққан. Сөйтіп, олар қансыраған құзырлы орган өкілдерін тастап, маңайдан қашып кеткен. Қазір олардың екеуі қолға түсті, тағы екеуі іздестіріліп жатыр деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тәртіп сақшыларының бұйрығына бағынбай, оларды пышақтап қашқан «төрттіктің» оқиғасы кеше болған. Күндіз Наурызбай ауданының полиция басқармасына 25 жастағы жігіт шағымданыпты. Ол өзінің танысынан «Дэу Нексиа» көлігін жалға алған екен. Бірақ, машинаның соңғы екі күнгі ақшасын төлей алмай кешіктірген. Осы кезде көліктің қожайыны қасына бір жігітті ертіп келіп, оны сабап кеткен. Тіпті екі ұялы телефонын тартып алып, қарыз болған 14 мың теңгенің орнына 40 мың теңге әкелуді талап етіпті. Мұндай қорлыққы шыдамаған жүргізуші, болған жайтты айтып құқық қорғаушылардан көмек сұрапты.

«Жедел уәкілдер бұл істі өз құзыретіне алып, ақшаны алайын деп жатқан жерге сол жәбірленушілермен бірге барған. Бұл жолы күдіктілер төртеу болып келген. Олар ұстау кезінде полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсетіп, пышақ жұмсаған», - дейді Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.

Қаскөйлер сақшының бірінің сол иығын жарақаттаса, екіншісін оңдырмай кеудесі мен балтырына пышақ сұққан. Сөйтіп, олар қансыраған құзырлы орган өкілдерін тастап, маңайдан қашып кеткен. Полицейлерді өзге әріптестері ауруханаға жеткізіп, оларға шұғыл көмек көрсетілді. Иығы жарақаттанған сақшы қазір амбулаторлық емге жіберілсе, кеудесіне пышақ кірген әріптесі жансақтау бөлімінде жатыр.

«Екінші науқасқа ота жасалып, қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы ауыр, тұрақты. Есін біледі», - дейді Алматы қаласы №7 қалалық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Қамбар БАЙЖІГІТОВ.

Қазір бұл оқиғаға қатысты төрт күдіктінің екеуі ұсталып, екеуі әлі іздестіріліп жатыр. Бір анығы – қаскөйлердің барлығы жастары енді жиырмаға толған өзге өңірдің тұрғындары екен. Ешқайсының тұрақты жұмыстары жоқ. Бұрын сотты болмаған. Қолға түскен екеу өз кінәларын мойындап отыр. Дегенмен, «төрттіктің» нақты қайсысының тәртіп сақшыларына пышақ сұққаны әлі белгісіз.

Полиция департаментіндегілер, қашып кеткен екі бұзақы көп ұзамай қолға түсетініне сенімді. Олардың барлығының үстінен «тонау» және «құқық қорғау органы қызметкерлерінің өміріне қауіп төндіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл баптар бойынша 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Айдана Мейрамбайқызы, Ялкунжан Әшімжанов «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир