Жұмысшылар жаппай кетіп жатыр: Петропавл қоқыс астында қалуы мүмкін

Almaty.tv
Almaty.tv
Қаладағы қоқыс тазалайтын компаниялар әкімдіктен тарифті көтеруді сұрайды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Петропавлдағы қоқыс тазалайтын компаниялар банкротқа ұшыраудың алдында тұр. 4-5 жыл бойы тарифтің көтерілуін сұрап, дегеніне жете алмаған кәсіпорындар осындай мәлімдеме жасады. Тариф көтерілмесе, компаниялар жұмысын тоқтатып, бүтін бір қала тұрмыстық қалдықтардың астында қалмақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.      

Петропавлда қоқыс тазалайтын компаниялардың жағдайы мәз емес. Облыс орталығындағы 4 бірдей кәсіпорын тариф төмен болғандықтан қарызға белшеден батқан. Қызметкерлерге мардымды жалақы да бере алмағандықтан, жұмысшыларынан да айрылып отырған көрінеді.  «Коммун север» серіктестігінен биылдың өзінде 11 жұмысшы жалақының аздығынан кетіп қалған. Жағдай бұлай жалғасар болса, бүтін компанияның жұмысы тоқтап қалады деді компания басшысы.

«Біздің жұмыс істеп үлгермей жүргенімізге 3 апта болды. Жұмысшылар таңғы сағат 7.00-ден кешкі сағат 18.00-ге дейін жұмыс істейді. Бір күн бұрын вокзал маңындағы қоқысты тіпті, күрекпен жинаған. Бұл осылай жалғаса бермеуі керек. Техникамен жұмыс істеу керек қой. Сонда жұмысшылар да компаниядан кетпейді. Жүргізушінің жалақысы – 120 мың теңге, жүк тасушы 90 мың теңге алады. Жұмысшылар мұндай жалақыға жұмыс істегісі келмейді. Себебі бұл ауыр жұмыс, кейде таңғы сағат 6.00-ден қоқыс шығару керек болады», – деді «Коммун Север» ЖШС директоры Мұрат Есмұханов. 

Қоқыс тазалаушы компаниялардың техникалары да істен шыға бастаған. Банкротқа ұшыраймыз деген олар 40 пайыз техникасы сынып, тоқтап тұрғанын жеткізді. Соның салдарынан бірнеше мекенжайда тұрмыстық қалдықтар үйіліп қалған. Одан басқа да қоқыс шығарушы кәсіпорындар тығырыққа тірелген. Олар биыл дизельдің қымбаттағаны жығылғанға жұдырық болғанын айтады. 

«Тариф соңғы рет 2017-2018 жылдары 170 теңгеден 220 теңгеге дейін көтерілген. Бұл сол кездегі шаруашылықтың шығынына сай келген. Содан кейін 5 жыл бойы тариф өзгеріссіз тұр. Кәсіпорындар бүгінде мұндай сомаға әрең жұмыс істеп жүр, кейбіреуі тоқтап қалайын деп жатыр. Осындай жағдайда ешкім жұмыс істей алмайды. Егер тариф көтерілмесе жалақы да болмайды. Сол үшін біз желтоқсанның ортасында келісімшартты бұзамыз», – деді «Мюль Сервис» өндіріс басшысы Лариса Пономарева.

Кәсіпорындар өздерінің мүшкіл жағдайын айтып, тариф көтерілуін сұрап, қалалық тұрғын үй және коммуналды шаруашылығы бөліміне жүгінген. Әкімдік бұл мәселе әлі күн тәртібінде тұрған жоқ дейді.

«Тұрмыстық қалдықтарды шығарумен айналысатын мекемелерден бізге тарифті көтеру бойынша ұсыныс келіп түскен болатын. Әкімдік тарапынан тарифті көтеру бойынша шешім қабылдай алмаймыз. Сондықтан қазіргі таңда бұл сұрақ Қоғамдық кеңесте, содан кейін маслихаттың сессиясында қаралатын болады. Олардың берген бағалары қаралып, тарифті көтеру не көтермеу туралы шешім сол жерде қабылданады», – деді Петропавл қалалық ТҮКШ бөлімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтолла.

Петропавлда қоқыс шығаратын компаниялар қажеттіліктерін есептеп, тариф бағасын 220 теңгеден 450 теңгеге көтеруін талап етіп отыр. Баға көтерілмесе, 1 қаңтардан бастап олар қоқыс шығару жұмысын тоқтатпақ.

Алина Норғожа, «Алматы» телеарнасы, Петропавлдан

Новости партнеров