«Алимент - қарыз емес, парыз». Осы ұстанымды ұран еткен Алматы облысы Талғар ауданының жеке сот орындаушылары перзенті алдында қарызы бар жұмыссыз әкелердің екі қолға бір күрек табуына септесті. Олар бос орындар жәрмеңкесін арнайы 1 маусым – балалар күніне орай ұйымдастырып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
41 жастағы Роман Сашков – Алматы облысының тұрғыны. Жұбайымен ажырасқанына 10 жыл болыпты. Кәмелетке толмаған 1 қызы бар. Өзі - жеке кәсіпкер. Алайда алиментті 4 жыл бойы дұрыс төлей алмай, қарызы 1 миллион 700 мың теңгеге жуықтап қалыпты. Енді екі қолға бір күрек табу үшін осы жәрмеңкеге келіп, өзіне қажет жұмысты тапқанын айтады.
– Әрбір әке – баласы үшін жауапты. Сондықтан перзентінің жағдайын жасап, алиментті төлеуі қажет. Мен де бұл жауапкершіліктен қашпаймын. Сондықтан осы жәрмеңкеге келіп отырмын. Мұнда түрлі жұмыс ұсынылды. Ұнағаны – жүк көлігінің жүргізушісі. Енді тәжірибеден өтіп көремін, – деді борышкер Роман Сашков.
Алматы облысына қарасты Талғар ауданында жыл басынан бері алимент төлеуден жалтарып жүрген 26 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 10-нан астам іс қылмыстық жазаға тартуға, 5 іс сотқа жолданған. 4 азаматқа үкім шығыпты. Қалғандарына қатысты тергеу амалдары жалғасып жатыр.
– Талғар ауданында 3 мыңнан астам алимент өндіру туралы атқарушы іс қозғалған. Ол атқарушы істердің арасында борышкерлердің қарызы 394 миллион теңгеден асады. Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап жеке сот орындаушыларымен 75 миллионнан астам қарыз өндірілді, – деді облыстық атқарушылық округінің жеке сот орындаушысы Әлібек Рахметов
«Перзенті алдындағы қарызын өтеуден жалтарып жүргендер арасында 10-ға жуық көкек ана бар» дейді жеке сот орындаушылары. Қазір олардың да ісі қаралып жатыр. Айта кетейік, ауданда жыл басынан бері 32 борышкер жұмыссыздар есебінде тұр. Ал бүгін бос орындар жәрмеңкесіне келген 15 азаматтың жетеуі екі қолға бір күрек тапты. Оларға көлік жүргізуші, жүк тасушы, дәнекерлеуші, қойма қызметкері секілді және мамандығы бойынша бірқатар жұмыс ұсынылды.
Аяулым Көлжігіт, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы