Алматыда жылжымалы қабылдау комиссиясы іске кірісті

Алматыда жылжымалы қабылдау комиссиясы іске кірісті
Қабылдау комиссиясы 25 тамызға дейін жұмыс істейді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Кәсіп игеріп, ұнаған мамандық иесі атанғысы келетіндер бұдан былай шаһардағы 26 арнаулы оқу орнында тегін білім ала алады. Бұл – жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту үшін қолға алынып отырған шара, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бір ерекшелігі оқу орнына түсу үшін емтихан тапсырудың қажеті жоқ және шәкіртақы, бір реттік ыстық тамақ пен жол жүру төлемі қарастырылған.

Алматы қаласының білім басқармасы ұйымдастырып отырған шарасында арнайы парақша таратылып, қайда және қандай мамандықты таңдауға болатыны көрсетілген. Егер азамат өзіне ұнаған кәсіпті игеріп шыққысы келсе, 11 150 мемлекеттік тапсырыстың бірін иемдене алады.

«Аз қамтылған, көп балалы отбасыларға мүмкіншілік беру үшін осы ақпаратты таратып жатырмыз. Бізде 9, 11 сынып негізінде полиграфия мамандарын даярлап жатырмыз», – деді жобаны ұйымдастырушылар.

Айта кетерлігі, мұнда бәрі тегін. Сонымен қатар, жатақхана да беріледі. Оқуды бітірген соң, шетелге грантқа түсуге мүмкіндік мол.

Қабылдау комиссиясы 25 тамызға дейін жұмыс істейді. Осы бағдарлама арқылы оқуға түскен студенттер үлгеріміне қарамастан шәкіртақы алады. Қазір ол 16 759 теңгені құрайды. Жаңа оқу жылынан бастап, жұмысшы мамандықтардың шәкіртақысы 30 пайызға артып, шамамен 21 мың теңгені құрайтын болады.  

«Колледж жайында толық ақпарат алып жатырмыз. Бұнда негізі өте жақсы іс-шаралар өтіп жатыр екен. Осы жерден оқығым келеді», – деді шараға келушілердің бірі.

Мобильді қабылдау комиссиясы құрамына 26 колледж кірген. Оның алтауы – жекеменшік оқу орындары. 2017 жылдан бастап «Техникалық кәсіби білім беру» бағдарламасы аясында жыл сайын 2500 студент тегін қабылданады.

«Аталған бағдарламаға қатысушылар: мектеп түлектері, жұмыссыз жастар, аз қамтылған отбасыдан шыққан, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және өзге де санаттағы азаматтар. Осы бағдарламаны халыққа жария қылу үшін адамдардың көп шоғырланатын жері, яғни базарларда мобильдік қабылдау комиссиясын құрдық. Аталған мобильді қабылдау комиссиясы қазір алты жерге қойылды», – деді Алматы қаласы білім басқармасы техникалық және кәсіптік білім бөлімінің басшысы Әсет МҰХАНБЕТОВ.

Аталған 6 жерден бөлек, Алматы-1 темір жол вокзалында да жылжымалы қабылдау комиссиясы құрылды. Жалпы, Алматы қаласында қызмет көрсету саласының мамандары тапшы. Бағдарламаға қатысып жатқан арнаулы оқу орындары аспаз, тігінші, құрылысшы, шаштараз, дәнекерлеуші секілді мамандарды даярлайды.

Азамат Әуезхан, Рашит Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров