Алматыда мыңнан астам оқушы ағылшын тілін тегін оқып жатыр. Мұндай игі бастаманы еріктілер тобы қолға алған. Арнайы білім беру ұйымдарында ағылшын тілін жетік меңгерген волонтерлар тегін сабақтарды әзірге Медеу ауданындағы бес мектепте өткізуде, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. Жоба авторларының айтуынша, бұл сабақтарға қала тұрғындары да еркін қатыса алады. Егер тегін дәріс зор сұранысқа ие болса, оның ауқымын кеңейту де көзделіп отыр. Жобаның басталғанына небәрі екі апта болған. Соған қарамастан, тіл үйренуге ниет танытқандардың қарасы көп.
«Біздің екі жүзге жуық еріктілердің ағылшын тілі деңгейі жоғары. Халықаралық ағылшын тілінен емтихан тапсырған. Бізде ешқандай шектеу жоқ. Мысалы, оқушылардың ата-аналары, туған-туысқандары немесе осы мектептің қасында тұратын, басқа да Алматы қаласының тұрғындары болатын болса, оларға да біз сынып, топ ашып, тіл үйретіп бастауға дайынбыз», – деді жоба авторы Бақнұр ЗИЯБЕКОВ.
Қаладағы шалғай аймақтарда тұратындар, әсіресе, ата-аналар тарапынан балалардың тіл үйренетін тегін курстардың жоқтығын жиі айтып жүр. Ұйымдастырушылар олқылықтың орнын енді осы бастама толтырады деген сенімде. Сондай-ақ, еріктілер өз қатарын қосымша тіл білетін әріптестермен де толықтырмақ. Яғни сіз ағылшын тілін жақсы меңгерген болсаңыз, халыққа үйретіп біліміңізбен бөлісуіңізге мүмкіндік бар.
«Мына тегін курс ашылмай тұрған кезде Оқушылар үйіне баратынбыз. Сол жерде ағылшын тілін оқытатын. Қазір ол жерге бармаймыз, уақытымызды кетірмейміз. Осы жердің тегін курсына келеміз», – дейді ата-ана Фариза БЕЙБІТҚЫЗЫ.
Н. Байтілес, "Алматы" арнасы