Қыс таяу, дайындық баяу. Елде 42 білім беру нысаны мен 3000-ға жуық тұрғын үй жылыту маусымына дайын емес. 24 мектептің күрделі жөндеу жұмыстары әлі аяқталмаған. Бұл туралы Үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев мәлімдеді, деп Almaty.tv хабарлайды тілшісі.
Білім беру мен денсаулық салаларының қысқа әзірлігі ақсап тұр. Ел бойынша 8 өңірдегі 42 мектептің жөндеу жұмысы бітпеген. Тоғыз облыста денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүріп жатыр. Олардың да дайындығы төмен. Абай облысында 28, Ақтөбе облысы 12, Атырау облысы 6 емдеу мекемесі жылуға жарымауы мүмкін.
– Тоғыз өңірде 62 нысан бойынша дайындық жұмысы жалғасып жатыр. Абай, Ақтөбе, Атырау облыстарында дайындықсыз отырған нысан көп. Ал 47 мың тұрғын үйде дайындық жұмысы аяқталды, жоспар 94 пайыз орындалды, – деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев.
Ақтау, Жезқазған, Риддер, Теміртау, Екібастұз қалаларсындағы жылу электр станцияларын жөндеу жұмыстары да кестеден кешіккен. Энергетика вице-министрі «жылыту кезеңін штаттық режимде өтеді деп жоспарлап отырмыз. Бірақ кепілдік бере алмаймыз» деп ашығын айтты. Жандос Нұрмағанбетовтың айтуынша, Ақтаудағы МАЭК мәселесі де алаңдатады.
– Ақтау қаласындағы жағдай алаңдатады. Нақты айтқанда, МАЭК бойынша мәселе әлі де бар. Теміртаудағы №2 жылу электр орталығындағы жұмыстар кешігіп жатыр. Екібастұзда жылыту маусымына дайындық аяқталып қалды. Биыл мәселе туындамайды деп ойлаймыз. Ал Риддер қаласына келсек, онда қаржы кеш бөлінді. Қазір жөндеу жүріп жатыр, қыркүйектің соңына қарай екі қазандық дайын болады, – деді ҚР Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов.
Кейбір жылу электр орталығын жөндеу жұмыстары уақытында аяқталмауы мүмкін. Бұл қатарда Теміртау, Жезқазған қалалары бар. Кестеден кешігу жағдайы Абай, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстарының энергия кәсіпорындарындағы жөндеу жұмыстарында да байқалады.
– Солтүстік пен шығыста жылыту маусымы мерзімінен ерте басталуы мүмкін. Жылыту маусымын бастау үшін бастапқы дайындық бар. Бірақ кейбір жылу көзін жөндеу жұмыстары уақытында аяқталмауы мүмкін, – деді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов.
Үкімет отырысында шығынға батқан шаруалар шырылы да айтылды. Елдің көп бөлігінде дәл егінге орақ салар тұста диқандар екі апта жауыннан көз ашпады. «Астығымыз судың астында қалды» деген диқандар дабылы Ауыл шаруашылығы министріне әлі жетпеген көрінеді. Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында «астық егетін аймақтарда жағдай ойдағыдай» деп есеп берді. Ал егін науқанының барысына талдау жүргізген арнайы комиссия 2,7 млн гектар астық көгеріп кеткенін анықтапты.
– Егін орағының нағыз қызған тұсында жұмыс қарқынын аттыра түсу қажет. Астықты өңірлерде осы айдың соңына дейін қатты жаңбыр жауады деген болжам жоқ. Сондықтан осы мерзім ішінде барынша үлгеру керек. Еліміздің солтүстік өңірдегі ауа райының қолайсыздығына байланысты Мемлекет басшысы Үкіметке фермерлер мен шаруа қожалықтарына қажетті көмекті көрсетуді тапсырды, – деді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов.
Биыл 17,3 млн гектар алаңнан дәнді және дәнді бұршақты дақылдар жиналады. Бүгінде республика бойынша дәнді дақылдың 60 пайызы қамбаға бастырылған. Орташа өнімділік гектарынан 9,5 центнер түскен. Бұл ретте Үкімет басшысы Әлихан Смайылов жиын-терін науқанын айдың соңына дейін аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар астық таситын вагондармен уақытылы қамтамасыз етіп, теміржолдағы ұзын-сонар кезекті болдырмауды талап етті.
Кәмшат Мұхамеджан, «Алматы» телеарнасы, Астанадан
Оқи отырыңыз: Алматы әкімдігі мен Mastercard ытымақтастық туралы меморандумға қол қойды