Тозығы жеткен парта: Жаңатұрмыс ауылында оқушылар ескі мектепте оқуға мәжбүр

Almaty.tv
Almaty.tv
Мектеп басшылығы Қарасай ауданының білім бөліміне хат жолдаған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысы Жаңатұрмыс ауылындағы түрлі-түсті парталар елдің қызу талқысына түсіп жатыр. Ал ата-аналар жырылған орындықтарға отырып, сабақ оқу қиын екенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Әлеуметтік желіде жарияланған жазба жалпақ жұрттың жағасын ұстатты. Тозығы жеткен партаны жапсырғышпен желімдеп, балаға жағдай жасамақ болған білім ордасына баласын берген ата-аналар да мектепті жөндеуді талап етіп отыр.

– Менің немерем оқиды. Ақ жейдесіне желім жабысып келді. Жусаң, кетпейді. Жаңасын аламыз. Ескі парталарды жөндеуге болмай ма? Гүл сұраса, гүлін, ақша сұраса, ақшасын береміз, – деді ата-ана Сапура Әлмұқанбетова.

– Парталарды дереу жөндеу керек. Біріншіден, мектеп басшылығы, сосын жауаптылар қадағалауы керек, – деді ата-ана Руслан Байкүшіков.

Ұстаздар «мынадай масқара жағдайда бала білімге емес, киімге алаңдап, жырық-жырық партада отыра алмайды» дейді.  

– Неге мәселе шешілмей келеді? Оны мен министрлікке де айттым. Мәселені шешуге талпынса, мектеп осындай жағдайға түсе ме? – деді Жаңатұрмыс орта мектебінің мұғалімі Айман Сағидолла.

Ал мектеп басшылығы 60 жылға жуықтаған білім ордасындағы кемшілікті жасырмайды. Оның айтуынша, Қарасай ауданының білім бөліміне хат жолдаған. Бірақ шенеуніктер шәкірттердің жағдайына алаңдамайтын көрінеді.

– Мектептің бір бөлігі 1956 жылы салынса, екінші бөлігі 2002 жылы бой көтерген. Ескі тұсын жөндеу жұмысын жүргізу үшін әкімдікке өтінім беріп жатырмыз. Былтыр төрт сыныпқа жаңа парта алдық. Төрт кабинетке парта қойылды, – деді Жаңатұрмыс орта мектебінің директоры Нағима Қасымова.

– Жаңатұрмыс орта мектебінің материалдық техникалық базасын толықтыру мақсатында 2021 жылы төрт кабинетке сұраныс бойынша парталар берілген. Күрделі жөндеуден өткізу үшін ақау актісі дайындалып жатыр. Құжаттар дайын болғанда бюджеттік өтінім беріледі, – деді Қарасай ауданы білім бөлімінің басшысы Әсел Еркімбаева.

Арызын айтуға ата-аналарға келе алмады. Кедергі көп болған көрінеді. Сондықтан жиын кейінге шегерілген. Бірақ оқу мекемесінің басшылығы жақ ашпады. Ал түсқағазбен түрленген партадағы желім тағы қанша оқушының жейдесіне жабысары белгісіз.

Әлібек Шынтемір, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Бұралқы иттен қауіп көп: атыраулықтар қазынадан бөлінген қаржының көкке ұшқанына наразы

Новости партнеров