Келесі жолы арнайы топ құрылып, толыққанды тексеру жұмыстары жүргізілмек
Жаңа жыл қарсаңында пиротехникалық заттарды сату кезінде қандай қауіпсіздік ережелерін сақтау қажет? Алматы қаласының төтенше қызмет мамандары бүгін арнайы рейд жүргізіп, бұл сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Есте болса, алдыңғы Жаңа жыл түнінде қауіпсіздік ережесі сақталмай, пиротехникалық заттарды қолдану салдарынан 3 өрт оқиғасы тіркелген болатын. Көпқабатты үйдің балконы, тұрғын үйдің шатыры мен бизнес орталығының қабырғасында қызыл жалын тұтанып, салдарынан 4 адам зардап шеккен еді. Осылайша, олар Жаңа жылды жедел жәрдем бөлмесінде қарсы алған.
Жылда тойланатын мейрам қарсаңында базардағы дүңгіршектерде жаңажылдық сыйлықтар мен тәттілерден бөлек, отшашулар да сатыла бастайды. Ал төтеншеліктердің айтуынша, пиротехникалық заттарды саудалау үшін арнайы рұқсат қағазы болуы қажет. Сондықтан рейд кезінде сатушылардан осы сертификаттың бар-жоғы тексерілді.
«Мен сияқты отшашу сатып жүргендердің кейбірінде расында, рұқсат қағазы болмайды. Нақты айта алмаймын. Мүмкін мерзімі біткен шығар. Ал менің рұқсат қағазым қолымда», – дейді саудагер Марджен Абдулла.
Сатушы алдамады, оның сертификаты бар. Алайда барлық тауарға қолында бір ғана құжат бар екен. Төтеншеліктердің мәліметінше, әр өнімге жеке қағаз парағы қажет. Сонымен қатар, көліктің жүк салғышында пиротехникалық өнімдерді сатуға да тыйым салынады екен.
«Біз көргендей, пиротехникалық заттарды бұлай сатуға болмайды. Сондай-ақ бұл өнімді үсті жабық орындарда сатпайды. Тек арнайы жабдықталған дүкендерге ғана рұқсат етілген», – деді Алмалы аудандық ТЖБ аға инженері Руслан Қасенов.
Төтеншеліктер ұйымдастырған бүгінгі рейдте тек түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Ал келесі жолы арнайы топ құрылып, толыққанды тексеру жұмыстары жүргізілмек. Сол кезде сатушының қолында рұқсат қағазы болмаса немесе пиротехникалық тауарлары ережеге сай емес деп танылса айыппұл салынып, отшашулары тәркіленеді.
Оразай Нұртай, Дамир Анитов, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы