V қысқы спартакиада: Фристайлдан іріктеу кезеңі өтті

23.12.2021 01:16

Қатысушылар олимпиада ойындарының құрамында бар спорттың 14 түрінен сынға түседі

Almaty.tv

Алматыда V республикалық қысқы спартакиада ойындары өтіп жатыр. Қатысушылар олимпиада ойындарының құрамында бар спорттың 14 түрінен сынға түсіп, медальға таласады. 4 жылда бір өтетін жарыста көзге түскендер Ұлттық құрама сапына шақыртылып, жаңа команда жасақталады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Фристайлдан бүгін іріктеу кезеңінен өткен қатысушылар ертең ақтық кезеңде бақ сынайды. Олардың арасында Юлия Галышева, Жанбота Алдабергенова сынды белгілі спортшылар бар.

Бүгін шыңына көз, көркіне сөз жетпейтін Алатау баурайында Фристайл шеберлері бас қосты. Жақында ғана Әлем кубогының күміс жүлдегері атанған Жанбота Алдаберген де жарыстан сырт қалмай, медальға таласуда. Фристайлшы мұнымен тоқтамай, олимпиадаға дейін АҚШ, Канада елдерінде өтетін халықаралық чемпионаттарға қатысуды жоспарлап отыр. Әрі елімізде аталмыш спортта бәсекелестік артып келе жатқанын айтады.

«Біздің спортты бұрын ешкім танымайтын. Фристайл дегенде, би деп ойлайтын. Қазір фристайл десек, бәрі шаңғы екенін көз алдарына есестете алады. Өздеріңіз көргендей, шаңғымен акробатика жасаймыз. Фристайл акробатика», – дейді жарысқа қатысушы Жанбота Алдабергенова.

Одан бөлек, алматылық спортшыларды қолдау үшін жергілікті жанкүйерлер де келіпті. Олар Қытайда өтетін олимпиада ойындарында ел атынан сынға түсетін фристайлшыларға үміт артып, сәттілік тіледі.  

«Спортшыларымызды қолдауға келіп тұрмыз. Шыны керек, фристайлшылардың деңгейі өскен. Ауа райы да өте тамаша. Қатысушыларға тек сәттілік тілегім келеді», – деді жанкүйер Виталий Михайленко. 

Айта кетейік, қысқы спартакиада 27 желтоқсанға дейін жалғасады.

Мерей Қанапиянов, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы