Биыл Алматының Әуезов ауданында 4 шақырым арық жүйесіне ағымдағы жөндеу жүргізіледі. Сондай-ақ, су басу қаупі басым 34 мекен-жай анықталып, жаңа суағар салу үшін қала әкімдігіне тапсырыс берілді деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгін жауын-шашын кезінде суға толатын жерлерді Әуезов ауданының әкімі Әнуар Өскенбаев аралады. Айтуынша, су жиі басатын көшелердің көбінде арық жоқ, барларының өзі жарамсыз боп қалған.
«Қазір Әуезов ауданында 100 шақырымнан астам арық жүйесі бар. Су басу қаупі бар көшелерді анықтап, қайсысына арық салу керектігін өзімізге белгілеп алдық. Қазіргі таңда Әуезов әкімінің тарапынан Алматы қаласы Жасыл экономика басқармасына 24 шақырымға арық салу үшін тапсырыс берілген. Қаражат бөлінсе кезең-кезеңмен жұмыстар атқарылады», - дейді Әуезов ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан РАХЫМБЕКОВ
Сондай-ақ, бүгін Әуезов ауданында 200 үйеңкі мен шетен көшеттері отырғызылды. Ағаштар Ясауи көшесінен басталып, Төле би көшесінің соңына дейін бөлу жолағында қаз-қатар егілді. Мамандар жасыл-желектің бұл түрлері табиғатынан суыққа төзімді келеді дейді. Ал жас көшеттерге күтімді ауданның мердігер мекемесі жүргізетін болды. Айта кетейік, жалпы биыл көктемде Алматының 8 ауданында бас-аяғы 12 мың көшет отырғызылмақ.
«Әуезов ауданы әкімшілігімен осы жылы 5 мың ағаш көшетін отырғызу жоспарланған. Қазіргі уақытта 850 көшет отырғызылды. Олар Саин, Төле би көшелерінің бойында және Саин мен Райымбек көшелерінің қиылысында өсіп тұр. Көшеттердің биіктігі 3 метрден жоғары. Келешекте көшеттерді Сайран көлінің жағалауында, 12-шағынауданда және Абай көшесінің бойында отырғызу жоспарлануда», - дейді Алматы қаласы әуезов аудандық Көріктендіру бөлімінің басшысы Айдос МАҚСҰТ.