Алматыда 300 мыңнан астам адам санақтан онлайн өтті

17.09.2021 01:09

10 жылда бір келетін науқан биыл қалай өтіп жатыр

Almaty.tv

Халық санағын өткізу үшін «Сіз бұл уақытқа дейін қайда өмір сүрдіңіз?» немесе «Көшіп келу себебіңіз?» сынды 91 сұрақ әзірленген. Бүгінде Алматы қаласы бойынша 300 мыңнан астам тұрғын ресми желілер арқылы онлайн тіркелді. 10 жылда бір келетін науқан биыл қалай өтіп жатыр? Толығырақ Almaty.tv тілшісі Оразай Нұртай айтып берсін. 

Алматы қаласының тұрғыны Талғат Есбаев бүгін «Халық санағы» пунктіне келіп, sanaq.gov.kz сайты арқылы онлайн тіркелді. Оның сөзіне сенсек, 10 жылда бір келетін науқанның биылғы форматы әлдеқайда ыңғайлы.

«10 жыл бұрын санақтың қалай өткенін білген жоқпыз, шыны керек. Енді, міне, онлайн өтіп жатыр екен. Компьютер арқылы қарадық, өзіміз тіркелдік», – деді Наурызбай ауданының тұрғыны Талғат Есбаев.

Ал, өзге тұрғындардың ойы екіге жарылды. Бірі санақтан өтіп, ондағы сұрақтың көптігіне налыса, енді бірі науқанның маңызына тоқталып, құптап отыр.

«Елдегі жағдайға байланысты, індетке байланысты санақты онлайн өткізген тиімді», – деді қала тұрғыны Берік Тұрарбеков.

«Ұзақ уақыт алады. Мәселен, менің 3 балам бар. Олардың әрқайсына жауап беремін деп, 1 жарым сағат отырдым», – деді қала тұрғыны Айжан Әлжанова.

Бүгінде Алматы халық санағына онлайн тіркелген адам саны бойынша алғашқы үштікте. Әр индивидтің науқанға атсалысқаны маңызды болғандықтан, мемлекеттік мекемелерде "Халық санағы" пунктері жұмыс істеп жатыр. Мәселен, Наурызбай ауданында дәл сондай 7 орталық бар.

«Кейбір тұрғындар сұрақ қойып жатыр. 91 сұрақтың ішінде, мысалы,«Алматы қаласында қай уақыттан бері тұрасыз?»,«Қай қаладан келдіңіз?»,«Қашан келдіңіз?»деген. Бұл сұрақтар, әрине, тұрғындар үшін қызық болып көрінеді. Бірақ бұл сұрақтар мемлекетке осы тұрғындар арасынан терең анализ жасауға мүмкіндік береді», – деді Наурызбай ауданы әкімі аппараты мемлекеттік құқықтық бөлімнің басшысы Нұрбол Бейсеков.

Биылғы санақ екі тәсілмен жүргізілмек. 1-қыркүйек пен 15-қазанға дейін sanaq.gov.kz мамандандырылған сайтында интернет-сауал, 1-30 қазанға дейін электрондық планшеттерді пайдалану арқылы жауапты мамандар дәстүрлі форматта жүргізбек.

Оразай Нұртай, Мұрат Тайжанов,«Алматы» телеарнасы