Алматыда мүмкіндігі шектеулі жандар госпиталінен 500 науқас емделіп шықты

Almaty.tv
Almaty.tv
Мамандар бұл өткен жылмен салыстырғанда 30 пайызға артық көрсеткіш дейді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған госпитальдан жыл басынан бері 500-ге жуық адам емделіп шыққан. Мамандар мұның өткен жылмен салыстырғанда 30 пайызға артық көрсеткіш екенін айтты. Аталмыш мекемеде бүгінде тағдыр тауқыметін тартқан зағип жандар да қызмет атқарады. Almaty.tv тілшісі Халықаралық мүмкіндігі шектеулі жандар күні аясында орталыққа барып, медицина қызметкерлерімен тілдесіп қайтқан болатын.  

Бұл мекеме – Алматыдағы жалғыз госпиталь. Мұнда Ұлы Отан мен ауған және Семей полигоны сынды апаттардан зардап шеккен 130 адам ем алып жатыр. Ал осында жұмыс істейтін дәрігерлердің арасында 4 бірдей мүмкіндігі шектеулі жан бар екен.

Орталықта жұмыс істейтін ерекше жандардың бірі – 41 жастағы Салтанат Смағұлова. Оның 1-курс оқып жүрген кезінде ауруы асқынып, көзі көрмей қалған екен. 14 жыл үйде отырған әйел зағип адамдарға арналған массаж курсы туралы естіп, оқуын бітіріп шығыпты. Соның нәтижесінде бала арманы орындалып, 8 жылдан бері медицина саласында жүр.

«Мен өзімді адам қатарында сезініп, жұмыс істеп, ақша тауып жүргеніме қуаныштымын. Өзіме қоғамға араласуыма мүмкіндік беріп жатыр. Әу бастан дәрігер болғым келген еді, бүгінде медицина саласында жүрмін, соған шүкір», – дейді орталық қызметкері Салтанат Смағұлова.

Ал Сәуле Кәріпжанова 41 жылдық ғұмырын дәрігерлікке арнаған. Науқастардың көңілінен шығып, оларға ем-дом көрсетіп жүрген ақ халатты абзал жандар жұмыс істеуге мүмкіндік берген орталық басшысы Дамир Дәулетбаевқа алғысымыз шексіз дейді.

«Осы жерде өніп-өсіп жатырмыз. Бәрі ойдағыдай. Уақытында еңбекақымызды аламыз. Жұмысым өзіме ұнайды. Ұнаған соң осынша уақыт осы жерде істеп келемін», – деді орталық қызметкері Сәуле Кәріпжанова.

Бүгінде науқастар үшін орталықта бірнеше көпбейінді оңалту бөлімшесі ашылыпты. Келушілердің жағдайы жалдан-жылға жақсарып келеді дейді мамандар.

«Алдағы уақытта мүмкіндігі шектеулі қызметтер болып жатса ешқашан да қайтармаймыз. Қабылдауға мүмкіндіктеріміз бар. Оның бәрі біздің басшымыздың құрметі», - деді Ұлы Отан соғысы мүгедектеріне арналған республикалық клиникалық госпиталі бас дәрігерінің орынбасары Ринат Байтуғанов.

Айта кетейік, елімізде ерекше жандарға арналған 2 госпиталь бар. Біреуі Алматыда болса, екіншісі Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан.

Мерей Қанапиянов, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров