Алтай маралдары алғаш рет Жетісу жеріне жерсіндірілді. Осыдан 4 жыл бұрын Қоянды тауының етегіне әкелінген 20 шақты маралдың саны бүгінде 40-қа жетіп қалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ал Ақсулық азамат «мақсатым – пантымен емдейтін шипажай салу болған, алайда шығыны көп шаруашылықты дамыту оңай болмай тұр» дейді.
Кербұғы – кірпияз жануар. Оларды Жетісуға жерсіндіру оңайға түспеген. Кәсіпкер бастапқыда бабын таба алмай, бұғышақтарды жоғалтып алған. Дегенмен уақыт өте келе бұғы өсірудің қыр-сырын жақсы біліп алған азамат жануардың күтімі қымбатқа түсетінін айтты.
– Таңғы сағт 05:00-де тұрып, жемін-шөбін береміз, су ағып жатыр. Олар тығылып төлдейді. Бұзауына тиіспеу керек. Төлінің тіпті басынан сипасақ, енесі алмай қояды. Суыққа төзімді келеді, – деді марал шаруашылығының қызметкері Медет Серікбаев.
Кәсіпкер тұмса табиғатымен талайды тамсандырған Қапал өңіріне турист тартуды көздейді. Ол осы маңнан пантымен емдейтін сауықтыру кешенін ашпақ. Бірақ Берік Алдабергенов ойға алған жоспарын жүзеге асыруға қаржы қолбайлау болып тұрғанын айтты. Ол «мемлекет тарапынан субсидия беріліп, инфрақұрылым мәселесі шешілмесе, марал шаруашылығын дамыту екіталай» дейді.
– Туризмді дамытамыз дейміз, бірақ бұл жерге халық келе алмайды, жол қиын. Жеңіл машина мүлдем келе алмайды. Жол жөнделсе, себебі жүк көліктерінің өзі әрең жүреді, – деді марал шаруашылығының жетекшісі Берік Алдабергенов.
– Маралға асыл тұқымды түрлендіру үшін әр басына 10 мың теңгеден мемлекет тарапынан көмек көрсетіледі. Олар құжатын рәсімдеп жатыр. Маралдарды чиптеу керек, жергілікті мамандары тіркегеннен кейін, өтінім береді, – деді Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Мұрат Тілеубаев.
Әзірге шаруаларға берілетін қаржы мардымсыз. Белгіленген сома марал шығынын жаппайды.
Елімізде 20 мыңға жуық бұғы болған деседі, бүгінде олардың саны жыл санап сиреп барады. Деректерге сүйенсек, бұғы мүйізінен шығатын сұйықтық әлемдік медицинада 3 мың жыл бұрын қолданыла бастаған. Содан бері пантыға деген сұраныс азайған емес.
Меруерт Сабыртай, Мирас Анитов «Алматы» телеарнасы, Жетісу облысы
Оқи отырыңыз: Атырау облысының тұрғындары жарыққа жарымай отыр