Жоғалған мұрағатқа кім жауапты екені белгісіз
Алматы облысының 81 жастағы тұрғыны тиісті зейнетақысына қол жеткізе алмай отыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілішісі.
Саналы ғұмырының 50 жылын еңбекке арнаған қария базалық зейнетақы мөлшерін ғана қолына алады. Қария талай жылғы жұмысы үшін 20 жыл бойы 24 мың теңге зейнетақы алып келеді. Өйткені еңбек кітапшасы мен мұрағат өзі қызмет еткен кәсіпорында жоғалған. Ал қариямен әріптес болғандардың көбі қайтыс болып кетіпті.
– 50 жыл қызмет істедім. Алайда зейнетақының ең төменгi мөлшерін де ала алмай отырмын. Бір апталық азық-түліктен ақшам артылмайды. Қалай өмір сүруге болады ? Сонда еңбек кітапшам жоғалса, еңбегімнің де еш кеткені ме? Оның үстіне бұл кәсіпорын қызметкерлерінің қателігі, - дейді зейнеткер Василий Кулеш.
Зейнеткер өз күшімен мұрағаттарды ақтарып, еңбек кітапшасын іздеуге тырысқан. Тіпті мемлекеттік архивке де барып, сұрастырыпты. Алайда нәтижесіз. Жергілікті билік өкілдерінің сөзінше, енді бұл мәселе тек сот арқылы шешіледі.
– Зейнетақының ең төменгі мөлшерін алу үшін кем дегенде 6 ай еңбек өтілі болуы қажет. Ал егер еңбек кітапшасы жоғалса, мемлекеттік архивтің көмегіне жүгінеді. Олай болмаса, тек соттың шешімін күтеді. Ал сотта еңбек еткенін растап беретін адамдар қажет, - дейді Талғар ауданы әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы Құралай Тоқымтаева.
Алайда бұл қария үшін оңай іс емес. Облыс тұрғыны зейнетке осыдан 20 жыл бұрын шыққан. Сәйкесінше бұрынғы әріптестерін табу да қиынға соғады. Біздің редакция кәсіпорында зейнеткермен бірге қызмет еткендердің бірін іздеп тапты.
– Мен кәсіпорында 7 жыл жұмыс істедім. Василийді жақсы танитынмын. Бірге құрылыс саласында қызмет еттік. Оны басшылық үнемі мақтайтын. Тіпті жиі сыйақы да алатын. Жұмысшы ретінде, адам ретінде, әріптестер арасында сыйлы болды, - дейді бұрынғы әріптесі Валентина Сельцова.
Енді Василий Кулеш сотта оның еңбек өтілін растайтын тағы бір әріптесін іздеп табуы керек. Ол оған дейін аз ақшамен күнелте тұруға мәжбүр.
Гүлмарал Изатқызы, Рустам Аралбаев, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Түлкібас цемент зауытында жарылыс болды