Түркістан облысы Түлкібас ауданындағы цемент зауытында болған жарылыстан жапа шеккен жұмысшылардың жағдайы ауыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Оқыс жағдайдан бір азаматтың денесі толықтай күйіп, жан тапсырған еді. Ал апаттың себебін анықтауға келген мамандар тексерісті жалғастырып жатыр.
Алдын ала болжам бойынша жарылыс зауыттағы көмір ұнтақтайтын цехта газдың жиналуынан болған. Кесірінен үш адам қатты күйіп, 52 жастағы жұмысшы алған жарақатынан жан тапсырды.
- Бір адам қаза болды. Тағы екі адам Сайрамдағы аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Екінші адамның денесінің 100% күйік шалған, үшінші науқастың денесінің 75%-ы жаралы. Жағдайы ауыр, - дейді Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары Ербол Орманов.
Жансақтау бөлімінде жатқандарға тиісті көмек көрсетілуде. 1989 жылғы азамат санавиация көмегімен Шымкенттегі ауруханаға жеткізілді. Оның денесінің 60 пайызын күйік шалған екен.
– Науқасқа дәрігерлер күйік диагнозын қойып жансақтау бөліміне жатқызды. Оларда жоғары тыныс жолдарының күйігі, ауыр дәрежелі шошыну бар. Дәл қазір науқас қарқынды терапия бойынша ем алуда, - деді Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Лаура Нахыпқызы.
Зауыт басшылығы қолдан келген көмекті көрсетеміз деп отыр.
Назерке Үкібасова, Елдар Жүнісқанов, "Алматы" телеарнасы, Түркістан облысы
Оқи отырыңыз: Алматы - Қорғас тасжолында жол апаты болды