Жылуға жарымаған жұрт облыс әкімінен көмек сұрамақ

Almaty.tv
Almaty.tv
Үш қабатты ескі үйде 25 отбасы тұрады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Отыз жыл осылай өмір сүрді, ары қарай да шыдасын». Алматы облысы Кеңдала ауылдық округі әкімнің орынбасары жылуға зәруміз деп жиналған жұртқа осылай деп жауап қатты. Мемлекеттік қызметкерден мұндай мардымсыз жауап күтпеген халық әкімдік берген уәдеге сенген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Бірнеше ай бұрын «орталық жылу жүйесіне қосыласыздар» деген хабарлама келген. Көмір пешін сүріп тастаған ауыл адамдары алаңдап отыр. Себебі орталық жылу жүйесінің қазандығы әлі орнатылмаған көрінеді.

– Бір ай жеміс-жидек жемей, газдың ақшасын жинап берді. Зейнетақысы да көп емес, – деді Кеңдала ауылдық округінің тұрғыны Гауһар Рахимова.

– Подьездге дейін 80 мың теңге бердік. Үйдің ішіне дейін газ құбырын өзіміз сатып алып, тарттық. Несие алдық, үй кепілге қойылған, – деді Кеңдала ауылдық округінің тұрғыны Назилия Шегебаева.

Бұл 3 қабатты ескі үйде 25 отбасы тұрады. Көбі әлеуметтік осал топтағылар. Жағдайы жетіп, қалтасы көтергенінше көмір алып, от жағады. Ал шатыры ұшуға шақ тұрған баспана жылуды жақсы ұстамайды.

– Екінші топтағы мүгедекпін. Эпилепсиямен ауырамын. Қыс бойы көмір тасып шығамын. Шешем зейнеткер. Өзім жалғызбасты анамын, – деді Кеңдала ауылдық округінің тұрғыны Гүлнұр Майшыбаева.

Ал арызын айтқан ауыл адамдарына мардымды жауап бермеген мемлекеттік қызметкер әкімдік өкілдері ешқандай уәде бермеді деп сендірді. Оның айтуынша, құбырды жеке компания жүргізеді. Ол тендер арқылы жүзеге асады.

– Сараптамадан кейін ғана жөндеу жұмысына ақша бөлінеді. Қазір көріп тұрсыздар, екі ай қалды, – деді Кеңдала ауылдық округі әкімінің орынбасары Әйгерім Айтжанова

Қыста жылусыз қалудан қорыққан көпшілік Алматы облыстық әкімдігіне барып көмек сұрамақ. Өйткені қазандық мәселесі бүгін тағы да шешім таппады.

Әлібек Шынтемір, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Үстіме жара шықты: атыраулықтар кәріз суының иісіне тұншығып отыр

Новости партнеров