Жергілікті биліктегілер төрт түлікті көрші ауылдың өрісіне жайып амалдауды ұсынған
Шығыс Қазақстандағы қалың қар салдары малдың азықтан тарығып, жүдеуіне әкеліп соқты. Жем-шөбі таусылған Марқакөл ауданының шаруалары қазір жергілікті билік пен көрші ауылдың көмегімен ғана амалдап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Биыл ғана аудан статусын алған Марқакөлде қар бір жұмадан астам уақыт тоқтаусыз жауды. Ал оны күреу жұмысы қауырт жүргізілгенімен, көшенің бәрін тазалау мүмкін емес. Салдарынан елдімекенде төтенше жағдай жарияланды. Себебі тұрғынның дені қар құрсауында қалып, кейбіріне азық-түлікті тікұшақпен жеткізуге тура келген. Шаруа жайы да тығырыққа тірелді.
– Жол мәселесі қаңтар басталғалы бар. Төрт түлік тауда қараусыз қалды. Жылқыларымызды қораға жеткізе алмай отырмыз. Шаңғымен ғана жете аламыз. Басқа амал жоқ, – деді Төсқайың ауылының тұрғыны Дидар Шаныбаев.
Ауа райының қолайсыздығынан жылқыны қыстауда ұстау да қиынға соққан. Жем-шөп те мерзіміне жетпей таусылып, мал азықтан тарықты. Жергілікті биліктегілер төрт түлікті көрші ауылдың өрісіне жайып амалдауды ұсынған.
– Тауда малын бағып отырғандар да бар. Таудан түссе малдың жай-күйі кетіп қалады деп алаңдайды. Марқакөлдің орталығында 100 тонна жем-шөп дайын тұр, – деді Ауыл шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Диляра Жылқайдарова.
Ал Төсқайыңның жергілікті тұрғыны Мұратханның айтуынша, бұл елдімекенде жем-шөп о бастан-ақ тапшы. Жаңбырлы күз бен қардың ерте түсуі мал азығын артығымен жинауға мүмкіндік бермеген.
– Біз жем-шөпті мүйізді ірі қара мен қой санына шақтап дайындаймыз. Ал жылқы қыстауда тұрады. Оларға азық жетпейді. Қазір қар астындағы шөпке жету мүмкін емес. Сондықтан Марқакөлге түсіреміз, – деді Төсқайың ауылының тұрғыны Мұратхан Ерғазыұлы.
Ахуалға байланысты өңірге 60 орам жем-шөп жеткізілді. Одан бөлек, 3,5 тонна концентрлі мал азығы әкелінген. Қазір таудан 135 бас жылқы қайтарылды. Бүгінгі басты міндет – төрт түлікті қырып алмау.
Оразай Нұртайұлы, Руслан Мұхамедьяр, «Алматы» телеарнасы, ШҚО
Оқи отырыңыз: Атырауда қала көшелерін су басты