Бүгін Ұлттық ұланның жауынгерлері өзара жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарды анықтады. Алматы облысының Жетіген кентіндегі әскери базадағы сайысқа республиканың өзге өңірінен келген сарбаздар да қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгін БТР айдаған жауынгерлер от пен судан, тас пен құмнан өтіп, көп кедергіні еңсерді. Темірдей төзімді қажет еткен сайыста бағы жанғандар емес, бабы шапқандар ғана көзге түсті. Әуелі олар бөгеттер қойылған ұзақ жолда желдей есті. Сондай-ақ көлшікте жүзіп нысанаға оқ жаудырды. Көлікте отырған сарбаздардың жылдамдығы мен дәлдігі сыналды.
Көлік ауыр болса да жауынгерлер 4 шақырым өтіп, мәреге 3 жарым минутта жетті. Сайысқа Ұлттық ұланның оңтүстік өңіріне қарайтын әскери бөлімнің кіл мықтылары қатысты. Олар – Алматыдан ғана емес, Жетісу мен Жамбыл, Түркістан мен Алматы облысынан келген сарбаздар.
– Жылдан жылға сайыстың тәртібін қиындатып жатырмыз. Ол сарбаздарды шыңдай түседі. Келісімшарт бойынша қатарда жүрген жауынгерлер жарыста оң нәтиже көрсетіп жатыр. Сайыс жыл сайын ұйымдастырылады. Отан қорғаушылар әрқашан дайын, рухы биік болуы тиіс, – деді ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы Талапкер Әміреев.
Жетігендегі жарыстың бүгін үшінші күні. Мұның алдында сарбаздар «Калашников» автоматын шашып-жинап, нысанаға атудан жарысқан. «Үздік жүргізуші» байқауын Тараздың, ал «Үздік БТР экипажы» атағын Шымкенттің әскери бөлімі жеңіп алды.
– Командирдің және жақсы дайындықтың арқасында бірінші орын алдық. Сайыс әділ өтті. Оңай болған жоқ, барлық қатысушы мықты дайындалған, – деді 6698 әскери бөлімінің жауынгері Ержан Тойлыбаев
Бүгін жеңіске жеткендер өз өңірінің намысын республикалық деңгейде қорғайды. Келесі жарыс Ақтөбеде өтеді.
Оразай Нұртайұлы, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Әлем чемпионаты: Бакуде алғашқы үздіктер белгілі болды