Жасыл экономика басқармасы: «Sulpak» компаниясы жауапкершіліктен құтылмайды

26.11.2020 01:43

Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше ағаштарды кескен алматылық азамат екені анықталған

Almaty.tv

Төле би көшесіндегі ағаштарды кім отап тастағаны белгілі болды. Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше ағаштарды кескен алматылық азамат екені анықталған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Брифингте бұл іске қатысты тергеу жалғасып жатыр деп мәлімдеді қалалық Полиция департаменті басшысының орынбасары Рустам Әбдірахманов. Қылмыстық іс бұған дейін 340-бап бойынша қозғалған. Алайда жойылған талдар қызыл кітапқа енген сирек кездесетін ағаштар болғандықтан, қылмыстық іс басқа бапқа ауыстырылған.

«Бұл қылмысқа қатысты негізгі фигурант анықталды. Ол алматылық азаматша екені белгілі болды. Оның бұл әрекеті 399-баптың екінші тармағына ауыстырылды. Қазір бірқатар сараптамалық зерттеулер тағайындалды. Басқа да қатысы бар фигуранттар анықталып жатыр», – деді қалалық Полиция департаменті басшысының орынбасары Рустам Әбдірахманов.

Ал қалалық Жасыл экономика басқармасы «Sulpak» компаниясы жауапкершіліктен құтылмайтынын баса айтты. Басқарма басшысы компанияның бұл әрекеті қала әкімдігінің қоршаған ортаны қорғау саясатына қарсы екенін мәлімдеді.

«Алматылықтар мен қала әкімдігі ағаштардың заңсыз кесілгеніне наразы. «Sulpak» компаниясы бұл әрекеті үшін ел алдына шығып кешірім сұраудан бас тартып отыр. Біз олардан аясуыз оталған ағаштардың орнын толтыру үшін қаланың әр аумағына ағаш отырғызу арқылы өтеуін және бұл міндеттемелерді өз жауапкершілігіне алуын талап етеміз. Басқарма тарапынан ағаштардың егілетін орны мен көлемін белгілеп береміз», – деді қалалық Жасыл экономика басқармасының басшысы Наталья Ливинская.