Жеке тұлға өзін банкрот деп жариялау үшін не істеу керек

Almaty.tv
Almaty.tv
Несиесін өтей алмай, төлеу мерзімін кешіктіргендер саны 1 миллион 300 мыңнан асады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Жеке тұлғаның өзін банкрот деп жариялауы» туралы заңның қабылданбауына банктер ықпал етуі мүмкін. Бұл  сарапшылардың пікірі, деп хабарлайды Almaty.tv.

Құжат күзде мәжіліс қарауына ұсынылады. Президент пәрменімен азаматтардың қаржылық жағдайын жақсартуға бағытталған заң жобасы бұған дейін бірнеше рет өзгертіліп, жаңа редакциясы дайындалған еді.

Қаржы министрлігінің мамандары келесі аптадан бастап Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Түркістан облысы мен Алматы және Талдықорған қаласына арнайы барып, банкроттық туралы заңды қарапайым халыққа түсіндірмек. Себебі аталған 5 өңірде азаматтардың кредиттік қарызы көп. Ал экономист Мақсат Халық бұл заң халыққа тиімді болғанымен, банктерге ауыр тиеді деп отыр. Маманның пайымынша, заңның қабылданбауына ықпал еткісі келетін топтар пайда болады.  

«Лобби топтар құрылып жатыр. Ертең заң жүзінде қабылданып жатса, банктердің мүддесін қорғап шығатын топтар көп болады. Банктер шығынға ұшырайтыны түсінікті. Соған қарамай халық мүддесі үшін заң қабылдануы керек деп есептеймін», – деді экономист Мақсат Халық.

Кредиттік бюро ақпарына сай Қазақстанда несиесін өтей алмай, төлеу мерзімін кешіктіргендер саны 1 миллион 300 мыңнан асады. Осыған байланысты азаматтардың қаржылық жағдайын жақсарту үшін Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы заң қабылдауды тапсырған еді. Банкроттық туралы заңды Қаржы министрлігі дайындап жатыр. Мамандардың айтуынша, өзіңді банкрот деп жариялау 3 рәсім бойынша жүргізіледі. Алғашқысы, қарызы 4 миллион 900 мың теңгеден аспаса, электронды үкімет порталы арқылы өтініш беру керек. Екінші рәсім сот арқылы іске асады. Мұнда борышкердің мүлкін сатып, түскен қаражат белгіленген тәртіппен тұлғаның кредиторлар алдындағы қарызын өтеуге жұмсалады.

«Үшінші рәсім – төлем қабілеттігін қалпына келтіру. Егер адамда тұрақты бір кірісі болса немесе мүлкінің бір бөлігін жалға беру арқылы табыс көзін көрсететін болса және мүлігінен айырылғысы келмеген адамдар  төлем қабілеттігін қалпына келтіру рәсімін қолданады», – деді ҚР Қаржы министрлігі басқарма басшысының орынбасары Меруерт Сисембаева.

Өзіңізді банкрот деп жариялағаннан кейін 5 жыл бойы қарыз алуға тыйым салынады. Мұндай мүмкіндікті екінші рет тек 7 жылдан кейін қолдана аласыз. Банкроттықтан кейін 3 жыл ішінде қаржылық жағдайыңыз да бақылауға алынады. Сондай-ақ, бұл процестен кейін міндетті түрде қаржылық сауаттылықты арттыру курсын өтуіңіз қажет. Айта кетейін, қаржылық жағдайды жақсартуға бағытталған құжаттың еш кедергісіз қабылдану не қабылданбауы алдағы күзде белгілі болады.

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан

Новости партнеров