Ғалымдар құқық қорғау органдарының, оның ішінде Ішкі істер министрлігі, прокуратура мұрағаттарын ашып зерттеуге рұқсат берілгені жөн дейді
Мұрағаттарға жол ашылуы керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай жасаған үндеуін тарихшылар қауымы жан-жақты талқылап, өз ұсыныстарын айтуда, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Олар Президенттің бұл бастамасын жылы қабылдап, жұмысқа кірісуге дайын отырғандарын жеткізді. Ғалымдар ең алдымен, құқық қорғау органдарының, оның ішінде Ішкі істер министрлігі, прокуратура мұрағаттарын ашып зерттеуге рұқсат берілгені жөн дейді.
Президент тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырды. Қуғын-сүргін жылдары қазақ халқы ауыр азап шекті. Мемлекет басшысы 100 мыңға жуық азаматымыз қуғын-сүргінге ұшырап, соның 20 мыңнан астамы атылды деп анық атап өтті. Ал тарихшылар Президенттің бұл үндеуі 30 жылдан бері күткен бастама екендігін айтады.
«Бұл – өте ғажап шешім. Менің осы репрессия құрбандарын зерттеу ісімен айналысқаныма міне, 30 жылға таяп қалды. Соңына дейін зерттеліп ақталмаған репрессия құрбандары өте көп. Жалпы оларды ақтау, бұл істі соңына дейін жеткізу мемлекеттік дербестігіміздің бірден бір өлшеуі болып табылады. Президенттің үндеуін қолдайық деп, зиялылар қауымын осы жұмысқа жұмылуға шақырамын», – деді тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ.
Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Ермұханұлы қуғын-сүргін құрбандарын ақтау ісімен айналысатын мемлекеттік комиссия жұмысына тарихшылар ғана емес, заңгерлер, гуманитарлық бағыттағы мамандар, саясаткерлер, этнологтар, әлеуметтанушылар да атсалысуы керек дегенді алға тартты.
«Президенттің бастамасы өте орынды деп есептейміз. 37-38 жылы репрессияға ұшырағандар 100 мың дейміз. Біздің мәліметтер бойынша бұл сан одан да көп болуы мүмкін. Көбі сотсыз қуғын-сүргінге ұшарады. Кейбіреуі мұрағаттарда сақталып қалмады. Сол үшін бұл жұмыс кешенді түрде жүру керек деп ойлаймын», – деді Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ.
Тарих ғылымдарының кандидаты Сәбит Шілдебай Президенттің саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай жасаған үндеуіне қатысты өз пікірін білдірді. Еліміздегі мемлекеттік құпияға қатысты бірқатар заңдарды қайта қарастыру керектігіне ерекше көңіл бөлді.
«Қазақстанда бірнеше заң осы мәселе бойынша қайта қаралуы керек. Архивке қатысты заң, Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияға қатысты заң қайта қаралуы керек деп есептейміз. Архив құжаттары зерттеушілердің қолына жететіндей болған кезде немесе мемлекеттік комиссияға толық сондай мүмкіндік берілген жағдайда ғана бұл іс алға қарай басады. Біз осы мәселемен ары қарай айналысатын жас тарихшыларды тартуды ойластыруымыз керек», – деді Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының бөлім меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Сәбит ШІЛДЕБАЙ.
Осылайша, тарихшылар қауымы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл тапсырмасы осы жұмыстың ары қарай жалғасуы мен жазықсыз жапа шеккен көптеген топтардың ақталуына жол ашады деп сенеді.
Сая Меңдеке, Нұрбол Сазабеков, «Алматы» телеарнасы