Каланың коммуналдық қызметі 900 шақырымнан аса арық жүйесін тазартып, одан 7 600 текше метр қоқыс шығарған
Алматыда арықтарды тазалау жұмыстарының 90 пайызы аяқталды. Бүгінге дейін қаланың коммуналдық қызметі 900 шақырымнан аса арық жүйесін тазартып, одан 7 600 текше метр қоқыс шығарған деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматыны айнадай етіп тазалау үшін және қаладағы барлық арық біткеннің көзін аршуға жұмысшылар білек сыбана кіріскен. Әр бригада күніне 1 шақырымдай арық желісін сілті және басқа да қалдықтардан тазартуда. Енді жақын күндері су жіберіледі.
«Бостандық ауданы бойынша арық тазалау 1 наурыздан басталды. Қазір бізде 8-9 бригада жұмыс істеп жатыр. Магистральді көшелерді тазалап бітірдік, қазір шағын көшелерге кірістік. Жалпы, тазаланбаған 10 пайыздайы ғана қалды, қалған 90 пайызы су өткізуге дайын», - дейді мердігер компанияның аға шебері Мэлс ҚАСЕТОВ.
Алматыда арық жүйелерін тазартуға 600-ден астам жұмысшы мен 150-ге жуық техника жұмылдырылған. Олар Наурыз мерекесіне дейін тазалау жұмыстарын толықтай аяқтаймыз деп отыр. Бұдан бөлек Жасыл экономика басқармасы қосымша жаңа арық жүйелерін жүргізіп жатыр. Өйткені, қаладан ағып өтетін 28 өзеннің бесеуі қауіпті боп саналады.
«Алматыда 22 наурызда жауын-шашын болады деп болжануда. Оған дейін қала аумағында судың кедергісіз ағуына толық мүмкіндік болады. Яғни, арықтар сел қаупіне дайын. Сонымен қатар, селдің алдын алу мақсатында өткен жылы қаламызда 43 шақырымды құрайтын арық жүйелерінің құрылысы жүргізілсе, биыл 49 шақырымнан аса арық желісі салынды. Және ағымдағы жылы тағы 58 шақырым арық желісін жобалаймыз», - дейді Алматы қаласы Жасыл экономика басқармасының бас маманы Александр СЕРГЕЕВ.
Алматыда сел тасқынын болдырмас үшін Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бойынша қалалық комиссия жанынан арнайы топ та құрылған. Оның құрамында 7 мыңнан аса адам мен 1600-ден аса техника бірлігі бар. Сондай-ақ, төтенше жағдай орын ала қалса деп 107 мотопомпа дайындалыпты. Жауаптылардың сөзіне сенсек, мегаполис көктемгі су тасқынына сақадай сай.
Тоғжан Жалғасбекқызы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы.