Алматыда сағат 12:00-ден бастап қар жауа бастады. «Қазгидромет» РМК болжамы бойынша 11 қаңтар түске дейін қар жауады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматы қаласында қалың қар жауа бастағаннан бастап, көктайғақтың алдын алу мақсатында 143 құмшашқыш түннен бастап жолдарға көктайғаққа қарсы қоспа себе бастады. Сағат 18:00-дегі жағдай бойынша 1624 тонна, сонымен қатар, 122 м3 сұйық реагент пайдаланылды.
Жалпы пайдалану орындарын, тротуарларды, жаяу жүргіншілер аймағын, қоғамдық көлік аялдамаларын, жерүсті және жерасты өткелдерін тазарту жұмыстары жалғастырып жатыр. 512 бірлік арнайы техника және 1076 жұмысшы жұмылдырылды.
Түнгі уақытта 460 дана арнайы техника, оның ішінде 204 дана сыпыру-жинау техникасы және 360 жұмысшы шығады деп жоспарланып отыр.
Әр ауданда 2 баған ұйымдастырылып, көктайғаққа қарсы материалдар қайта себіледі.
Мердігерлік кәсіпорындарда қар тазалау бойынша тәулік бойы жұмыс ұйымдастырылды.
«Қазгидромет» РМК болжамы бойынша ауа температурасы 11 қаңтарда түнде және түстен кейін 10-12 градус суық болады.
Дереккөз: Алматы қаласы Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы