Аязда далада қалдық: Ұлытау облысында тұрғындар апатты үйге кіруге қорқады

Almaty.tv
Almaty.tv
Сәтбаев қаласында 251 ескі үй бар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ұлытау облысында тұрғындар апатты үйдің астында қаламыз ба деп қорқады. Күн сайын үрейлері үдеген жұрт қос қабатты баспанасына кіре алмай жүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл тұрғындар өз үйіне кіруге қорқады. Екі қабатты тұрғын үй кез келген уақытта қирап қалуы мүмкін. Олардың айтуынша, үйдің шатыры шіріп, қабырғалары жарылып жатыр. Қатты аяз болған соңғы 4  күнде 40 сантиметрге дейін аршылған.

– 11 қаңтарда сағат 16:00-те үйдің қабырғасы жылжып кетті. Бұл пәтерде ата-анам тұрады. Сексеннен асқан  қарт адамдар. Оқиға болған күні әкімдіктен, ТЖ бөлімінен адамдар келді. Бірақ ешқандай шара қолданылған жоқ. Олар ешқандай дәлелсіз газ баллонының жарылғанын көрсетеді. Бірақ бұл жалған ақпарат. Бұл үйде газ пеші пайдаланылмайды, – деді Сәтбаев қаласының тұрғыны Гүлзира Тезекбаева  

Қос қабатты үйдің салынғанына жарты ғасырдан асқан. Әбден тозығы жеткен баспаналарды бала да, ересек те, зейнеткер де паналап жүр. Көпшілік әкімдік жөндейді деп үміттенеді.

– Біз 6 адамбыз. Баспанасыз қалдық. Көшеде аяз. Бүгін төртінші күн далада қалдық. Билік ешқандай шара қолданбайды, тек уәде береді. Неге билік мәселеге соншалықты бей-жай қарайды? – деді Сәтбаев қаласының тұрғыны Нариман Серіков.

Шаһар билігі жағдайды біледі. Алайда аталған мекен жайдағы үй апатты деп танылмайтын көрінеді. Әкімдік жаңалап беруге де құлықты емес. Қазіргі таңда қыс көзі қырауда далада қалған көптің мәселесін уақытша шешіп берген. Ал апта соңына дейін барлық тұрғындар уақытша баспанаға орналастырылады.

– Бұл мәселе әкімдік бақылауында. Тұрғындармен келіссөз жүргізілді. Қазіргі уақытта осы үйдің жай-күйі бойынша техникалық тексеру жүргізілетін болады. Барлығы талапқа сай болса, көмек көрсетеміз. Адамдар далада қалмайды, – деді Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары Талғат Айтжанов.

Қазіргі таңда Сәтбаев қаласында 251 ескі үй бар. Оның ішінде 19 баспана апатты деп танылған. Көпшілігі 1950-60 жылдары салынған.

Оразай Нұртай, Алмат Ілиясов, «Алматы» телеарнасы, Ұлытау облысынан

Оқи отырыңыз: Астанадағы вокзалда жолаушылардың біреуі эскалаторда құлап қалды

Новости партнеров