«Мұнайлы өлкеміз, бірақ ипподромымыз жоқ». Осылай шағым білдірген атбегілер «жергілікті билік ұлттық спортты дамытуға қауқарсыз» дейді. Олар биліктің уақытша жер тауып бере алмай отырғандарына наразы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Талай жарыста намысты қолдан бермей, облыстың абыройын асқақтатып жүрген атбегілер «бір ипподромға жарымадық» деп өкпелі. Олардың айтуынша, қордаланған мәселені көтеріп, әкімдердің есігін қаққанымен, олар құрғақ уәдеге сендіріп келген. Шыдамы таусылған жұрт талабын салаға жауапты министрлікке жолдайтынын жеткізді.
– Ипподром мәселесі көптен бері талқыланып келе жатыр. Бірақ еш нәтиже жоқ. Облыс әкіміне жолдағанбыз, 6 ай өтіп кетті. Мемлекет бар жағдайды жасап қойды. Бірақ механизм жоқ. Ипподром болмаған соң, дайындық қайдан болады, – деді атбегі Ғазиз Ғабдуллин.
– Жер де жоқ. Қаланың, облыстың әкіміне бардық, тек уәде береді. Ат шабатын жер жоқ. Биыл мүлдем бәйге болған жоқ, – деді атбегі Ақәділ Шалқаров.
Жиналғандардың мұңын тыңдауға облыстық спорт басқармасының басшысы келді. Оның айтуынша, жер бөлінген. Тек демеушілерді тарту қалған.
– Ат спортына қатысты жағдайдың жоқ екенін растаймын. Мәселені шешу жолында бірнеше іс-шара қабылданып жатыр. Талғайран елдімекенінен жер телімі бөлінген. Жобалық жоспар дайын. Ұлттық спортты дамыту жоспары бар. Ұсыныс берілді, басқарма тарапынан оң шешемін табады деп ойлаймыз, – деді Атырау облысы Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы Дастанбек Қоспанов.
Десе де, көпшілік шенеуніктің сөзіне сенбейді. Сондықтан талабын Үкімет басындағыларға жеткізуді көздеп отыр. Биыл спорт саласын дамыту үшін облыстық бюджеттен 18 млрд теңге бөлінген.
Оразай Нұртай, Нұрбек Шәйден, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматыда еңбегі сіңген спорт қайраткерлері марапатталды