Қасым-Жомарт Тоқаев елге еңбегі сіңген азаматтарға мемлекеттік награда тапсырды

Қасым-Жомарт Тоқаев елге еңбегі сіңген азаматтарға мемлекеттік награда тапсырды
Рәсім барысында «Отан», «Парасат», Құрмет», «Барыс», «Достық», ордендері мен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Тәуелсіздік күні қарсаңыда Ақордада мемлекеттік наградалар мен Әл-Фараби атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегерлері марапатталды. Жылдағы дәстүр бойынша әр түрлі сала үздіктеріне ерекше құрмет көрсетілді. Мерейі тасығандардың арасында өнер мен білім, өндіріс, әдебиет және басқа да салаларда елге еңбегі сіңген азаматтар бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты рәсімге қатысушыларды Тәуелсіздік күнімен құттықап, бұл аса маңызды тарихи күн Қазақстанның дамуына жол ашқанын атап өтті. Сондай-ақ еліміздің ширек ғасырдан астам уақытта жеткен жетістіктерін тілге тиек етті. Алдағы уақытта халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жұмыстар туралы айтты.

«Біз бюджет қызметкерлерінің еңбекақысын біртіндеп арттырып келеміз. Бұл ұстаздар қауымына, дәрігерлер және мәдениет саласының мамандарына қатысты. Мысалы, келесі жылы мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға өседі. Жалпы, 4 жыл ішінде олардың жалақысы 2 есе өседі. Көпбалалы отбасылар, зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар әрдайым мемлекеттің қамқорында болады», - деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

Мемлекеттік наградаға ұсынылған әрбір жанның еңбегі ерен. Әдебиетімізді асқар шыңға шығарған ақын-жазушылар, өнерімізді күллі әлемге паш еткен мәдениет саласының майталмандары, экономикамыздың қарыштап дамуына қажырлы еңбек сіңірген өндіріс пен ауыл шаруашылығы мамандары кеуделеріне орден тақты. «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы ұлттық мәдениетті дамытуға қосқан айрықша үлесі, ән өнерін насихаттаудағы ерекше еңбегі үшін Роза Рымбаеваға және «Жезқазғантүстімет» кен өндірістік кешенінің ұңғылаушысы Тұрсынбек Макишевке берілді.

«Ерекше сезімде тұрмыз. Өйткені өнер адамдарын бағалап, осындай жоғары баға беріп, бізді марапаттып жатыр. Бұдан кейін біз халқымыздың мәдениетін дүниежүзіне насихаттауға бұрынғыдан да асқан құштарлықпен еңбек етеміз. Халқымызды білсін, өнерімізді білсін деп, мәдениетіміздің жоғары екенін танытуға еңбек етеміз», - деді «Қазақстанның Еңбек ері» Роза РЫМБАЕВА.

Бұл күні ауыл адамдарының да адал еңбегі ардақталды. 3-ші дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен Ақмола облысының механизаторы Марат Боранбаев, маңғыстаулық шопан Есет Өтесов марапатталды.

«Құрметті Президент! Мен ауылда туып-өсіп, әкемнің жолын жалғастырып жатырмын. Диқаншы болып жұмыс істеймін. Еңбегімізді елеп, осындай марапат беріп жатқаныңызға алғыс білдіремін. Еліміз гүлдене берсін», - деді механизатор Марат БОРАНБАЕВ.

Бұдан бөлек, рәсім барысында «Отан», «Парасат», Құрмет», 1,2,3 дәрежелі «Барыс», «Достық», ордендері мен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы табысталды. Мұндай жоғары марапатқа ие болғандардың ішінде  жазушы Ілия Жақанов, Төлен Әбдікұлы, Ғарифолла Есім, Қойшығара Салғара, Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек  Әбдірахманов, Президенттің кеңесшісі Ерлан Қарин, Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли, әнші Тамара Асар және елдің атын әлемге паш етіп жүрген Димаш Құдайберген, қазақтық бұлбұлы Бибигүл Төлегенова да бар.

«Біз бүгін Президенттің аузынан өте ұлағатты сөз естідік. Келесі он, жиырма, отыз жылда мемлекетіміздің экономикасы, әлеуметі мен мәдениеті, білім-ғылымы қалай дамитыны туралы естіп өте қуандық. Президенттің ұстанымы -әділет, сабақтастық, даму. Мінекей, осы үш тұғырға негізделген біздің мемлекетіміздің жақсы болатынына менің көзім жетіп бара жатыр», - деді І дәрежелі «Барыс» орденінің иегері Әділ АХМЕТОВ.

Сонымен қатар, Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы 2019 жылғы мемлекеттік сыйлықтың лауреаттарына да марапаттар табысталды.  Бұл салада Төрегелді Шарманов, Медеу Ахметқал, Темірхан Досмұхамбетов пен Ескендір Бейсембетовтың ғылыми еңбектері жоғары бағаға ие болды.

Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров