Алматыда 35 мыңға жуық мүгедек тіркелген. Оларға мемлекет пен жергілікті басқару орындары әлеуметтік көмекті жан-жақты көрсетуде. Дегенмен, қала кембағал жандар үшін қаншалықты ыңғайлы? Арбаға таңылғандар діттеген жеріе жету үшін қандай кедергілерге кездеседі? Бұл туралы Almaty.tv тілшісі зерттеп көрген еді.
«Ұйқыдан тұрғанда мен «қайда барсам екен» деген сұрақты қойғым келеді. Бірақ, өкінішке қарай мені «қалай барам?» деген сұрақ жиі мазалайды», - дейді алматылық Дамир Таиров.
Алматы қаласын тұрғындарға жайлы ету үшін қала билігі біршама жұмыстар атқарып жатыр. Дегенмен, барлығын бірден жасап тастау мүмкін емес. Қарапайым мысал ретінде кейіпкерлерімізбен шаһардың бірнеше жерін араладық. Өкінішке қарай, жеке кәсіпкерлер мүгедектерге жағдай жасауға асықпайтын сияқты. Арбаға таңылған жандар супермаркеттердің табалдырығынан өте алмайды. Ал, кейбір ғимараттарды көмекшіні шақыратын кнопкалар сынып, істен шыққан.
«Ақша айырбастау бөліміне жақын жерде дәріхана бар. Бірақ кіру мүмкіндігі қарастырылмаған. Қай жағын алып қарамасаңыз да бұл жерге кіре алмайсыз», - дейді тағы бір алматылық Мария Тарасова.
Қоғамдық көлікке мінуге тырыстық. Жүргізуші есікті ашып, арнайы баспалдақты да түсіріп берді. Алайда кейіпкеріміз секілді нәзік адам оған көмекшінің көмегінсіз шыға алмайды.
Түрксіб ауданына қарасты №5 мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына да бардық. Сауда орталығының ішінде орналасқандықтан істелу керек жұмыстар әлі көп екен.
«№5 мамандандырылған қызмет көрсету орталығында мүмкіндіктері шектеулі азаматтарға кезектен тыс қабылдау терезесі арнайы қарастырылып жатыр. Көзі нашар көретін азаматтарға тактильді жол жасалуда. Есту қабілеті нашар азаматтарға сурдо-онлайн қызметі қосылған», - дейді №5 мамандандырылған ХҚКО директоры Айдар БЕЙСЕМБАЕВ.
«Біз мұнда ұсыныс жасау үшін арнайы келдік. Сауда орталығының басшылығымен келісіп, жеделсаты туралы келісімнің барын айтты. Мүгедектерге арналған әжетхана да жасақталмаған. Жұмыстар істеледі. Біз бақылайтын боламыз», - дейді Алматы қаласы Түрксіб ауданы әкімінің кеңесшісі Богдан ДЖЕПКА.
Мүгедек азаматтар көбіне коммерциялық нысандарға, тамақтану орындарына барғанда қиналатындарын айтып отыр. Кембағал екендігіміз былай тұрсын, қаржылық жағдайымызға жиі тиіседі дейді олар.
«Әрине, келеңсіз жағдайлар кездесіп тұрады. Мысалы, кез келген жерге барғанда бізді алдымен күзетші қарсы алады. Жиі еститінім, сізге бұл жер арналмаған, қалтаңыз да көтермейді деген сөздер көңілге тиеді», - дейді алматылық Дамир Таиров.
Мүгедектерге қолайлы орта жасау үшін жауапты басқарма өткен жылы әлеуметтік нысандарды паспорттаған. Қалған мекемелерде жыл аяғына дейін түрлі кедергілер жойылмақ.
«Алматы қаласы бойынша осы өткен жылдың аяғына дейін 3000 әлеуметтік нысан паспортталып, соның 2400-і толығымен кедергісіз кіретін болып қамтамасыз етілді», - дейді Алматы қаласы Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы тең мүмкіндіктер бөлімінің жетекшісі Жанна ҚУЖАНБЕРДИЕВА.
Алматы қаласы бойынша мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік жағынан қолдау үшін 4 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Оның ішінде Инватакси қызметіне 231 мың теңге қарастырылыпты. Жыл басынан бері жүріп-тұруы қиын алматылықтар үшін 28 арнайы көлік қызмет көрсетіп жатыр.
«Соңғы уақытта веложолдар, жүргіншілер жолы біз сияқты мүмкіндігі шектеулі адамдарға ыңғайлы бола бастады. Яғни қиналмастан қалада серуендеуге болады. Әсіресе көктемгі, жазғы мезгілде өте керемет», - дейді Дамир Таиров.
Азамат Әуезхан, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы