«Жаңа Алатау» қоғамдық қорының шарапатын балалар үйінің тәрбиеленушілері көріп жатыр

Almaty.tv
Almaty.tv
Қор Еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен құрылған болатын
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Жаңа Алатау» қоғамдық қорының шарапатын балалар үйінің тәрбиеленушілері көріп жатыр. Осы қор есебінен Аламатыдағы «Жастар үйінің» балалары  тегін тамақ, дезинфекциялық құралдар және маскалармен қамтамасыз етілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қор Еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен құрылған болатын. Ашылғанына көп болмаса да, ел азаматтары жомарттығын танытып, мұқтаж жандарға көмектесуін күн санап үдетіп келеді.  

«Балалардың келешекте өз мақсаттарына жету үшін біздің педагогтар бар жағдайды жасап жатыр. «Жаңа Алатау» қоғамдық қорына үлкен рахметімді айтқым келеді. Әкімдікке, қалалық білім бөлімі басшысына да рахмет. Олардың барлығы да балалардың қоғамнан тыс қалмауы үшін барлық жағдайды жасап жатыр», – деді «Жастар үйі» әлеуметтік және бейімдеу орталығының директоры Ләззат ШӘЙКЕНОВА.

«Жастар үйі» әлеуметтік және бейімдеу орталығы – жетімдер үйінен шыққан балалардың пәтер алғанға дейін тұратын мемлекеттік орны. Бүгінде мұнда 86 жасөспірім бар. Солардың бірі – Анна Кополова. Ол тағдырдың жазуымен жөргек кезінен бастап балалар үйінде өсіп келеді. Ұлты орыс болғанымен, қазақшаға судай. Жастар үйіне келгеніне көп болмаса да, өзгелермен тез достасып үлгерген. Бүгінде дизайнер мамандығы бойынша білім алып жатыр.

«Қазақ тілін балалар үйінде жүріп үйрендім. Біздің тәрбиешілеріміз тек қазақша үйретеді. Себебі біз Қазақстанда тұрып жатырмыз ғой. Болашақта Қазақстанды әлемге танытқым келеді. Өзім билегенді жақсы көремін», – деді «Жастар үйінің» тәрбиеленушісі Анна КОПОЛОВА.

Орталықтағы тәрбиеленушілердің жас шамасы 16 мен 23 жас аралығында. Ал, 23 келгендер кезегімен пәтер алып, бөлек шығады. Айта кетейік, былтыр 61 бала жеке баспанаға қол жеткізген.

Новости партнеров