Елордада мемлекеттік бағдарлама аясында пайдалануға берілген үйдің сапасы сын көтермейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бөкейхан көшесіндегі бірнеше үй жарты жыл ішінде аянышты күйге түскен. Ал, тұрғындар жаңбыр жауып, жел тұрса үрейленеміз дейді.
Бұл керемет үйлер елорданың сол жағалауында салынған. Өткен жылдың соңында ғана пайдалануға беріліпті. Жарты жылдың ішінде қасбетіндегі плиталары құлап жатыр. Балконның терезелері ілініп әрең тұр. Шатыры толық жабылмаған, жаңбырлы күні төбеден су сорғалайды. Ал, су үшінші қабатқа дейін ғана көтеріледі дейді тұрғындар.
Жылдап баспанасын күткен тұрғындар бір күні төбесі ортасына түсе ме деген үреймен тұрып жатырмыз дейді. Ал, мердігерлер арзанға алған үйдің сапасы да сондай болады деген жауап қайырыпты.
«Оларда бір-ақ сылтау бар, сіздер шаршы метрін 180 мыңнан алып отырсыздар дейді. Бұл негізі 2019 жылы 30 маусымда тапсырылуы керек еді. Тапсырыс беруші –құрылыс басқармасы. Оның ішінде мердігер компаниялар бар: «NAQ”, Дорстрой». Соның ішінде 21/4, 21/5 біз тұрып жатқан үйлер «КSNK» құрылыс компаниясы салған. Уақытында тапсырылмаудың салдарынан үйдің сапасы өте нашар деуге болады», – деді қала тұрғыны Жеңіс Илиясов.
Бұл үйлерді басқарушы компания басшысының айтуынша, құрылыс басқармасы үйдің актісін әлі қолына бермепті. Тұрғындар алдында менің еш кінәм жоқ деп ақталды.
«Қабылдап алу актісі берілген. Бірақ біз қол қойып қабылдаған жоқпыз. Толықтай құрылыс басқармасының балансында тұр... Міне, алты ай болды, ешқандай өзгеріс жоқ. Тұрғындар бізден көреді...», – деді басқарушы компания басшысы Руслан Жайлаубаев.
Балалар алаңқайын салған мердігердің де жұмысына тұрғындар сын айтып отыр. Бірнеше құрылғыны қалай болса, солай орната салған. Бүлдіршіндерімізді бұл жерге ойнауға жіберуге қорқамыз дейді. Ал, мынау футбол алаңынан ұшқан доп терезелер мен жарық бағандарының шыныларын шағып бітті дейді. Оның үстіне алаңның жанына қоқыс жәшіктерін қойып қойған.
Жергілікті басшылардың уәдесіне әбден тойған тұрғындар әкімдікке барды.
Қалалық құрылыс басқармасының басшысы тұрғындардың жанайқайын тыңдауына тура келді. Жақында мәселелер шешіледі деп сендірді. Ол үйдің сыртқы плиткаларының неліктен құлап жатқанын түсіндірді. Тұрғындар айтып тұрған кемшіліктерді түзеу мердігер компанияның міндеті деді.
«Үйлер 2017-2019 жылдар аралығында салынды. Жұмыстар жобалық-сметалық құжаттарға сай жүргізілді. Нысанды қабылдау кезінде жоба авторы өзі де қатысты. Нысан барлық талаптарға сай деген оның шешімі де бар. Бас мердігердің құрылысқа кепілдік мерзімі бар. 3 жыл ішінде ақаулар пайда болса, жойып тұруы тиіс. Енді кемшіліктерді сол компания түзейтін болады», – деді қалалық Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Жан Мырзағали.
Егер әкімдік жақын маңда шара қабылдамаса, сотқа береміз дейді тұрғындар. Өйткені тірнектеп жинаған ақшамыз желге ұшты деп күйініп отыр.
Асылбек Тойбек, «Алматы» арнасы