Тәуелсіздік алғаннан кейін елімізде медицина саласын дамытуға ерекше ден қойылды. Әсіресе, нейрохиругия мен неврология саласының жеткен жетістігі көп. Бұрын бас, ми, жұлын аурулары мен мидағы ісіктерге операция тек шетелде жасалатын болса, қазір мұндай оталарды отандық дәрігерлер өздері жасайды. Тіпті, бұл ауруларды өте ерте анықтауға мүмкіндік беретін медициналық құрылғылар да елімізде бар, деп хабарлайды Almaty.tv.
2008 жылы ашылған Ұлттық нейрохирургия орталығы жылына 3 мыңнан астам адамға операция жасайды. Мұнда шетелден оқып келген мамандар қызмет етеді. Олар ми, бас, жұлын секілді адамның өте күрделі ағзасына ота жасаудың үлкен жауапкершілік жүктейтінін жақсы түсінеді. Жуырда орталыққа Орта Азия елдерінде алғашқы болып Гамма пышақ қондырғысы орнатылды.
«Тәуелсіздік алғалы медицина жақсы дамып келеді. Нейрохирургия саласы бойынша 50-ден астам жаңа техология енгізілді. Бас, ми тамырлары, ісіктерді кетіру. Омыртқа, балалар нейрохирургиясы дегендей. Шетелде қандай көмек көрсетілсе, біздің орталықта дәл сондай көмек беріледі. Біздегі мамандардың көбісі шетелден оқып келген. Біздің сала бойынша маман тапшылығы жоқ», – деді жоғарғы санаттағы дәрігер- нейрохирург Асылбек Қалиев.
Тәуелсіздікпен бірге отандық медицина дамыды. 30 жылдық тәжірибесі бар дәрігер Гүлжан Жоламанова осылай дейді. Ол қазір республикалық диагностикалық орталықта бөлім меңгерушісі. Соңғы жылдары бас, ми, адамның есте сақтау қабілетінің бұзылуы секілді аурулар жиі кездесетінін айтады. Орталықта қазір сол ақауларды ерте анықтауға мүмкіндік беретін бірнеше құрылғы бар. Ал егемендік алған жылдары дәрігерлер науқастарды мүлде басқа тәсілмен емдейтін деп еске алады.
«Біз жаңа апараттарды қалай қосып, қай жағында тұру керегін білмейтін едік. Бәрі жаңа, бәрі қызық еді. Біз тек ескіше балғамен соғып қарап, өзіміздің ойымызбен емдейтін едік қой. Ал жаңа аппараттар бізге бәрін анық көрсетеді. 2008 жылдардың өзінде біздің орталықта компьютерлік тамография және МРТ болды. Ядролық медицина дами бастады. Онкологиялық ауруларды ерте анықтауға мүмкіндік алдық», – деді республикалық диагностикалық орталықтың бөлім меңгерушісі Гүлжан Жоламанова.
Орталық адам миын зерттеуге арналған замануи тағы бір құрылғы сатып алған. Ол науқастың миын тәулік бойына бақылауға мүмкіндік береді. Сол арқылы түпсанадағы ауытқуларды анықтайды.