Биыл Петропавлда азық-түлік бағасы шарықтап кетті. Әлеуметтік маңызы бар қант 60 пайызға, ұн – 44, ал жарма өнімдерінің бағасы 41 пайызға қымбаттаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бағаның аспандап кетуі әсіресе бір жалақыға қарап отырған отбасылар үшін қиынға соғып жатыр. Олар жаңа жыл қарсаңында азық-түлік құны тағы көтеріліп кете ме деп алаңдайды.
Қазір Петропавлдағы азық-түлік өнімдерін арзан бағамен сататын базарлардың өзінде қымбатшылыққа ұрынасың. Мәселен, жергілікті жерде шығарылатын жұмыртқа, ұн мен жарма өнімдері соңғы айда 15 пайызға өскен. Тұрғындар әлеуметтік маңызы бар тауарлардың ай сайын қымбаттап жатқанына наразы.
Ресми мәліметке сәйкес, өңірде инфляция 19 пайызға дейін өскен. Биыл азық-түлік бағасы тек 11 айда 23,6 пайызға ұлғайған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда шамамен 24 пайызға артқан. Мұны есеп жүргізетін мамандар да растап отыр.
«Жыл бойына бағалардың көтерілуі қантқа – 63,5 пайызға, ұнға – 44,4, жармаларға 42,9 пайызға, тоқаш және ұннан дайындалған кондитер өнімдеріне 38, макарон өнімдеріне 34,3, сүт өнімдеріне 26,2 пайызға, алкогольсіз сусындарға 22,5, етке 21,5 жұмыртқаға – 20,5 пайызға байқалған», – деді СҚО Ұлттық статистика бюросы департаменті басшысының орынбасары Жұлдыз Нұрғалиева.
Ал жергілікті әкімдік бұл мәселеге сыртқы фактордың әсер еткенін айтады. Жұртты әбігерге салған қымбатшылық әсіресе рубль бағамының өсуі мен шығын материалдарының қымбаттауынан болып отыр дейді.
«Жыл басынан бері қант пен ұн бағасының өсуі Ресейдің экспортқа енгізілген шектеулерімен байланысты болды. Ал жарма, сүт өнімдері, жұмыртқа бағасының өсу себебі шығын материалдары мен қаптаманың қымбаттауынан болды. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақты ұстап тұру мемлекеттік органдардың бақылауында болады. Бұл бағытта жұмыс жалғасып жатыр», – деді СҚО кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Садықов.
Осылайша, жауапты мамандар азық-түлік бағасын тұрақтандырамыз деп сендірді. Алдағы уақытта оның құны төмендейді дегенге келтірді.
Нұргүл Алина, Жұлдызбек Ермұқанов, «Алматы» телеарнасы