Наурызбай ауданындағы заңсыз қазылған жердің түйткілі әлі шешілмей жатыр. Абай саяжайы маңында құрылыс компаниясы тереңдігі 70 метрдей болатын екі шұңқыр қазып тастаған. Тұрғындардың айтуынша, олар жерден өндірген топырақ пен ұсақ тастарды тұрғын үйлердің құрылысына пайдаланған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ізтілеу Қонаев Абая саяжайына 16 жыл бұрын көшіп келген. Оның айтуынша, соңғы бірнеше жылда аудан жұртынан тыныштық кеткен. Тұрғындар жаз бойы шаң жұтып, есік-тереземізді ашудан қалдық деп шағымданып отыр. Зейнеткер тіпті, немерелерін сыртқа шығарудан қалған. Себебі ойын баласы абайсызда шұңқырға құлап кете ме деп алаңдайды.
«Үйілген топырақтың үстінде бала-шаға жүгіреді. Кішкентай балаларды неше рет қудым. Олар қызықтап, үстіне шығады. Топырақпен бірге құлап кетсе, өліп кетеді ғой. Мына жақта да шұңқыр бар. Ол да терең шұңқыр. Ал жаздыгүні шаңнан тіпті, тұман болып тұрады. Үйдің шатыры, есіктің алдындағы ағашты қолыңызбен ұстасаңыз, қап-қара топырақ болып тұрады», – дейді Наурызбай ауданының тұрғыны Ізтілеу Қонаев.
Еске салсақ, осыдан бір жыл бұрын бұл мәселені Almaty.tv түсірілім тобы қозғаған еді. Қазір мұнда қазып жатқан техника болмағанымен, шұңқыр сол қалпы тұр.
Оқи отырыңыз: Наурызбай ауданында жер қазу жұмыстарын заңсыз жүргізген құрылыс компаниясы анықталды
Карьердің аумағы осы уақытқа дейін үлкеймесе, кішіреймеген. Ал бір жылдың ішінде дәл шұңқырдың жанынан 10 қабатты тұрғын үй бой көтеріпті. Айналасында да көппәтерлі үйлердің құрылысы қызу жүріп жатыр.
Заң бойынша тұрғын үй мен қазылған жердің арасы бір шақырымнан кем болмауы тиіс. Ал заңсыз қазылған карьерлерді осыдан бір жыл бұрын қалалық Экология департаментінің инспекторлары байқаған. Бірден бұл жерге арнайы сараптама жүргізіп, құрылыс компаниясын сотқа беріпті. Заң бойынша мекемеге 1 миллиард 904 миллион 701 мың теңгеге келтірілген шығын көлемін өтеу керек деген үкім шыққан екен.
«Қазылған жерді қайта әуелгі қалпына келтіру туралы нұсқама берілген болатын. Алайда, ол нұсқама “Qazaqstroy” компаниясының тарапынан әліге дейін орындалған жоқ. Алматы қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2021 жылдың 24-ші тамыздағы қаулысына сәйкес “Qazaqstroy” компаниясы нұсқамамызды орындамағаны үшін кінәлі деп танылып 200 АЕК көлемінде айыппұл салынды және бір айға қызметі тоқтатылу туралы қаулы шығарылған», – деді қалалық Экология департаментінің мемлекеттік экологиялық инспекторы Дінмұхамед Лесбеков.
Департамент айып таққан құрылыс компаниясына біз де хабарласып, сөзге тартып көрдік. Алайда қазылған карьерлерге қатысымыз жоқ деп ат тонын ала қашты.
Ал қазір Полиция департаментінде Қылмыстық кодекстің 334-бабы «Жер қойнауын өз бетінше пайдалану» бойынша тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Экологтардың айтуынша, соталды тергеу барысында сарапшылар бұл жердің құнарлы қабаты енді қайта қалпына келмейді деген байламға келген.
Сымбат Ноғай, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы