Жолды уақтылы тазаламайды: Алматы облысында қар жауғалы 20 жол апаты тіркелген

Жолды уақтылы тазаламайды: Алматы облысында қар жауғалы 20 жол апаты тіркелген
«Қазавтожол» ұлттық компаниясы апат жүргізушілердің жылдамдықты асырғанынан көруде
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысының өзінде биыл алғашқы қар жауғаннан бері 20 жол көлік оқиғасы тіркелген. Мұндай мәліметті «Қазавтожол»  ұлттық компаниясы беріп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Олардың сөзінше, жолдағы оқыс оқиғалардың басым бөлігі жүргізушілердің жылдамдықты сақтамағанынан орын алып жатады екен. Ал, жергілікті тұрғындардың айтары басқа. Қаһарлы қыс келгенде жолды уақытылы тазаламайды деп ашынады жұрт.

«Жол жөнді тазаланбай жатыр. Лай. батпақ. Ешкім тексерген жоқ ешнәрсені», - дейді бір тұрғын.    

«Жол тазаланған жоқ. Ештене сеуіп жатқан жоқ. Жүрген кезде қиналамыз.  Көктайғақ жол», - деді келесі бірі.  

Ал, атқамінерлер қаһарлы қысқа жаздан бері дайындалғандарын айтады. Бір ғана Алматы облысы Қарасай ауданынындағы жолдың тазалығына 34 арнайы техника қызмет көрсетеді-мыс. Оған қоса қысқы маусымға бірнеше жүздеген арнайы жол белгілері дайындалыпты.      

«Қарасай ауданынан республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жолдар өтеді. Мұнда екі компания қызмет көрсетеді. Қысқы маусымда аудандық жолдарды тазалауға мемлекет тарапынан 20 миллион қаржы бөлінеді. Бұл 1100 шақырым жолды қардан тазартуға жұмсалады», - деді Алматы облысы Қарасай ауданы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Айбар ЖАҚАНБАЕВ.  

Десе де, дәл осы Алматы облысы Қарасай ауданында қар жауған күні қайғылы жағдай орын алған болатын. Онда «Тойота» автокөлігінің жүргізушісі адамды қағып, салдарынан жапа шегіккен азамат оқиға орнында тіл тарпай кетті. 29 жастағы жүргізуші ер адамды басып кеткеннен кейін ғана тоқтап, жедел жәрдемді шақырған.  

«Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-тармағына сәкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Көлік апатын жасаған «Тойота» автокөлігі тәркіленді. Осындай жағдайларда жүргізілуі тиіс сараптама тағайындалды. Тергеу барысында жол оқиғасының мән-жайы, оның қалай болғаны және сондай-ақ, қайтыс болған адамның тұлғасы анықталады», - деді Алматы облысы ПД баспасөз қызметінің өкілі Серік ҮПИЕВ.

Ауа райының құбылуы көлік жүргізушілерін әбден әбігерге салғаны анық. Қыс мезгілі енді ғана басталғанын ескерсек жол көлік оқиғасы көбеймес үшін полиция департаменті жүргізушілерге  жылдамдықты сақатап жүрулерін ескертеді.      

Арнат Дүйсен, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров